Адам өлтіруге шақырған: Елде жат діни ағым жақтастары ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл қараша айында төрт қалада терроризмді, соның ішінде әлеуметтік желіде насихаттады деген күдікпен деструктивті діни ағымдардың 6 жақтаушысын ұстады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Аталған комитеттің баспасөз қызметі ақпаратқа сәйкес, комитеті өкілдері жақтаушыларды Алматы, Ақтөбе, Қонаев және Шымкент қалаларында ұстаған.
– Тергеудің болжамы бойынша, олар діни негізде шабуылдар мен кісі өлтіруге шақырулар таратқан, сонымен қатар зайырлы тәртіпке қарсы шыққан, – делінген материалда.
Тінту барысында олардан атыс және суық қару, сондай-ақ көптеген діни әдебиеттер тәркіленді.
– Сот санкциясымен аталған тұлғалар қамауға алынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, 3 қарашада осындай қылмысы үшін терроризмге шақыру материалдарын таратқан Ақтөбе облысының тұрғыны 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді. Жыл басынан бері ҰҚК органдарының материалдары бойынша террористік және экстремистік әрекет үшін 83 адам ұсталып, 97 адам сотталған.