Адам ағзаларын саудалады деген күдікті қамауға алынды
Бас прокуратура мен Интерполдың Ұлттық орталық бюросы қызметкерлері Қазақстан Сыртқы істер министрлігі көмегімен Польшадан адам ағзаларын сатқаны үшін іздеуде жүрген Украина азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Tizgin.kz ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ
Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісовтің сөзінше, ол 2017-2018 жылдар аралығында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, адам ағзаларын заңсыз сатып алу-сатумен айналысқан деген күдікке ілінді. Оның рөлі донорлар мен реципиенттер іздеу және олардың арасындағы кездесулерді ұйымдастыру, органдарды сатып алу-сату мен трансплантациялау операцияларын құпия ұстау және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз ету болды.
Жалпы алғанда, қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында және басқа елдерде тірі адамдардың органдарымен 56 заңсыз мәміле жасап, яғни Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында сатып алу-сату және кейіннен трансплантациялауды ұйымдастырған, – делінген ақпаратта.
ҚАНДАЙ ЖАЗА КҮТІП ТҰР
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, 5 жыл бойы халықаралық іздеуде болған.
Биыл наурыз айында ол Польша шекарасын кесіп өтпек болған кезде ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді Ерлан Жанпейісов.
Айта кетейік, бұған дейін бұл қылмыстық ұйымның 2 мүшесі Түркия мен Ресейден қайтарылған болатын.