Абай облысында камераласын өлтірген сотталушы 11,5 жылға сотталды
Сот қылмыстық-атқару жүйесінің №20 мекемесінде камераласын қасақана өлтірген адамды кінәлі деп танып, оған 11 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды КазТАГ.
ЖАНЖАЛ НЕДЕН ШЫҚТЫ
«Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық-атқару жүйесінің №20 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Л.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол өзге бір жазасын өтеп жүрген тұтқынның өліміне қасақана себепкер болған (ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі). (…) Сот үкімімен Л. кінәлі деп танылып, оған бұрынғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы 11 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны ол қылмыстық-атқару жүйесінің максималды қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады», – делінген бейсенбідегі хабарламада.
Сот құжаттарына сәйкес, 2025 жылдың сәуір айында шамамен сағат 15:30-да санитарлық-тұрмыстық бөлмеде жазасын өтеушілер төбелесіп қалған. Жанжал жеке және діни келіспеушіліктерден туындаған.
СОТТАЛУШЫ КІНӘСІН МОЙЫНДАМАДЫ
Жанжал кезінде жәбірленуші сотталушыны қолмен ұрып, еденге құлатқан. Бұған жауап ретінде ол ағаш жуғышты алып, жәбірленушінің денесі мен басына бірнеше мәрте соққы жасаған, қарсыласы қарсылық көрсете алмайтын күйде болған кезде де ұруын тоқтатпаған. Шабуылдан кейін ер адам оқиға орнынан кетіп қалған, ал жәбірленуші мекеменің медициналық пунктінде есін жимастан көз жұмды.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
«Куәгерлер ұсынған айғақтарға сәйкес, сотталған Л. мен У. екеуі де жанжал шығаруға және тәртіп бұзуға бейім тұлғалар ретінде арнайы есепте тұрған», – деп атап өтті сот.
Жәбірленушінің құқыққа қайшы әрекеттері жанжалдың шығуына себеп болғаны жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.