Басқа мемлекеттерден келетін саяхатшылардың шығындарына қарасақ, жергілікті асханаға, серуендеуге қызығушылықтары ерекше екенін байқаймыз, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап.
СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ
Kazakh Tourism компаниясы шетелден келушілердің орташа шығындары бойынша статистикалық мәліметтерді талдады.
Деректерге сәйкес, орта есеппен шетелдік туристер өз қаражаттарының басым бөлігін Қазақстанның мейрамханалары мен дәмханаларында тамақтануға жұмсайды – 27%. Бұл олардың жергілікті гастрономияға және қоғамдық тамақтану мәдениетінің дамуына деген қызығушылығын білдіреді.
Шығындардың 23% орналастыру орындарында тұруға бағытталады. Бұл қонақ үй қызметтеріне деген сұранысты көрсетеді. Қаржының тағы 23% шетелдік меймандар азық-түлік, кәдесыйлар және ұлттық өндірістің бұйымдары тәрізді тұтыну тауарларын сатып алуға жұмсайды.
МӘДЕНИЕТ ПЕН СПОРТҚА ДА МӘН БЕРІЛГЕН
Шетелдік қонақтар шығындарының 12% жуығы әуе тасымалына тиесілі. Олар 4% бюджетін көлік жалдауға жұмсап, еліміздің көрікті жерлері мен табиғи ландшафттарымен танысады. Ақшаның тағы 4% спорттық және рекреациялық қызметтерге қатысуға жұмсалады. Оның ішінде мәдени және спорттық іс-шаралар бар.
Сонымен бірге орта есеппен 3% шығын зергерлік әшекейлер, өнер туындылары және антиквариат тәрізді құнды бұйымдарды Қазақстанда сатып алуға бағытталады.
«Шетелдік меймандардардың елімізде жұмсайтын қаражат құрылымы туризм индустриясының шағын және орта бизнестің, сондай-ақ қызмет көрсету салаларының дамуына қосатын үлесін көрсетеді», – деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.