Ерекше

Қазақстанда зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге төлемақы қарастырылған

Қазан айының 1-ндегі мәліметке сәйкес, Қазақстанда зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген 5387 адамға арнайы әлеуметтік төлем (АӘТ) тағайындалған, деп хабарлайды Tizgin.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

“КЕЙБІРІ ҚОҢЫРАУҒА ЖАУАП БЕРМЕДІ”

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйенсек, барлығы 5468 адам арнайы төлем тағайындау туралы өтініш берген.

«Арнайы әлеуметтік төлемді республикалық бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) алу (екі қаржыландыру көзі) үшін 436 адам жүгінген. Олардың ішінде 431 азаматқа төлем тағайындалды. Республикалық бюджет, БЖЗҚ, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру компаниясы сияқты төрт қаржыландыру көзі арқылы төлем алу үшін 5032 адам өтініш беріп, олардың 4956-сына АӘТ тағайындалды. Сонымен қатар, 116 адам сақтандыру компаниясымен зейнетке дейінгі аннуитет шартын жасауды күтіп отыр. Ал 75 адам SMS-хабарламаға жауап берген жоқ. Алты азаматтың өтініші талаптарға сәйкеспегендіктен, арнайы төлем тағайындаудан бас тартылды», – делінген министрлік хабарламасында.

ӨТІНІШ БІЛДІРГЕН ӨҢІРЛЕР

Өңірдегі көрсеткіштерге келсек, арнайы әлеуметтік төлем алуға өтініш бергендердің басым бөлігі Қарағанды (екі қаржыландыру көзінен – 66 адам, төрт қаржыландыру көзінен – 720 адам), Павлодар (екі қаржыландыру көзінен – 27 адам, төрт қаржыландыру көзінен – 671 адам) және Шығыс Қазақстан (екі қаржыландыру көзінен – 39 адам, төрт қаржыландыру көзінен – 398 адам) облыстарында тіркелген.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайында ұзақ жыл еңбек еткендерге арналған арнайы әлеуметтік төлем жүйесі енгізілген болатын.

АӘТ тағайындалуы үшін міндетті шарттар: азаматтың 55 жасқа толуы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіби зейнетақы жарналарының болуы. Бұл төлем зейнет жасына жеткенге дейін беріледі. АӘТ алу үшін зиянды еңбек жағдайындағы жұмыстан кету қажет. Алайда қызметкер жеңіл еңбекке ауысса, ол әрі жалақы алып, әрі арнайы төлемді қатар ала алады. Немесе еңбек жолын толық аяқтап, зейнетке шыққанға дейін тек төлеммен өмір сүре алады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлері үшін кәсіби зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті. Бұл – зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін мамандықтар мен қызмет түрлері енгізілген арнайы тізім негізінде жүзеге асады. Аталған тізімде 2300-ден астам кәсіп пен өндіріс саласы қамтылған. Нәтижесінде, бұл төлемге экономикадағы 17 салада (оның ішінде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі және басқа да секторларда) еңбек ететін қазақстандықтар үміткер бола алады.

Back to top button