ЕрекшеЭксклюзив

7 млн теңгеге дейін беріледі: оңтүстіктен солтүстікке қалай көшуге болады

2026 жылдан бастап Қазақстанның оңтүстігінен солтүстік өңірлерге көшетін азаматтар мен қандастарға берілетін ақшалай көмек 1625 АЕК-ке дейін, яғни 7 млн теңгеге дейін өсті. Бұл қаражат көшіп барған өңірден баспана алу үшін ғана беріледі.

Tizgin.kz оқырманға осы мүмкіндікті қалай пайдалануға болатынын түсіндіреді.

Қоныс аудару жайлы бүкіл ақпарат пен қоныс аударуға өтінім беру қызметінің бәрі migration.enbek.kz сайтында орналасқан. Бұл сайттан көшкіңіз келген өңірлерді «Қоныс аудару картасы» сервисінен көре аласыз. Соған сай осы өңірлерге көшуге болады: Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан  және Шығыс Қазақстан облысы (қандастарға қосымша Абай мен Ұлытау облысына да көше алады).

«Қоныс аудару картасында» көшкіңіз келетін әрбір өңір жайлы мәліметтерді жеке қарауға болады. Ол бөлімде қоныс аударушылар мен қандастарға қанша квота бөлінгені, қанша бос жұмыс орындарының бары, сол өңірде нақты қандай қызметтер дамығаны, айлық еңбекақы қанша екені, көшкісі келетін ауылда немесе ауданда қанша мектеп бары, ол елдімекен облыс орталығына қанша шақырымда екені – бәрі жазылған.

Осы өңірлердің біріне көшу үшін өтінімді migration.enbek.kz сайтында қалдыруға болады. Бірақ ол үшін алдымен сайтқа тіркеліп, электронды пошта мен құпия сөз ойлап тауып, жеке кабинет ашу керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің басқарма басшысы Дина Темірболаттың айтуынша, қоныс аударуға ниет білдірген отбасының кемі бір мүшесі еңбекке қабілетті азамат екенін дәлелдеуі керек – колледждің немесе жоғары оқу орнының дипломы болуы тиіс (қандастардан диплом талап етілмейді). Дағдысы немесе дипломы көшкісі келетін өңірлердегі бос вакансияларға сай болуы тиіс (оны enbek.kz сайтынан көре алады). Осы құжаттарды migration.enbek.kz сайтына өтінімді тіркеп болған соң қоныс аударушыға тіркелгені туралы хабарлама келеді. Карьералық орталықтардың маманы қоныс аударушыға қоңырау шалады.

migration.enbek.kz сайтына тіркелген жағдайда ішінде «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде «Көшіру бойынша кеңес» айдары бар. Сол жерде көшу үшін қандай құжаттар керегі жазылған. Талап етілетін негізгі құжаттар: жеке куәлік, балалардың туу туралы куәлігі, арнайы орта немесе жоғары оқу орнының дипломы. Осы құжаттар арқылы азаматтар «Аймақтық қоныс аударушылар квотасы» тізіміне енсе, азамат сауалнама толтырып, экономикалық мобильдік сертификатын алады.

7 млн теңгеге дейінгі сома азаматтарға баспана алу үшін беріледі. Баспана бағасы бұл сомадан асып кетсе, бұл қаражат ипотеканың бір бөлігін жабу үшін аударылады. Қоныс аударушыларға барғанда 25 мемлекеттік қызметті көрсету жағынан интеграциялық көмек көрсетіледі.

2025 жылдың соңындағы қорытынды бойынша жоғарыда аталған өңірлерге 7594 адам көшіп барған. Олардың ішінде 2309 адам қандастар болса, 5285 адам – қоныс аударушылар.

Back to top button