Илон Маск әлемдегі ең бай адам болмай шықты
Бірнеше жыл қатарынан әлемдегі ең ауқатты кәсіпкер атанып келген америкалық миллиардер Илон Маск бұл атағын Oracle корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Эллисонға берді, деп хабарлайды Tizgin.kz Inforburo.kz-ке сілтеме жасап.
АКЦИЯЛАР КҮРТ ҚЫМБАТТАҒАН
The Telegraph басылымының жазуынша, әлемдегі ең бай адамдардың тізімі бір түнде өзгерген. Себебі Эллисонның активтері бір күннің ішінде 120 миллиард долларға өсіп, жалпы байлығы 400 миллиард доллардан асып кеткен. Бұл Oracle компаниясының акциялары күрт қымбаттауымен байланысты.
Эллисон басқаратын ІТ-гигант Oracle-дың акциялары бейсенбі күні 44 пайызға өсті. Бұған жасанды интеллект жобаларына деген қызығушылықтың күрт артуы себеп болды. Бұл – тарихтағы ең ірі біркүндік өсім, – делінген мақалада.
81 жастағы Ларри Эллисон – ірі кәсіпкерлер арасындағы Дональд Трамптың одақтасы саналады. Ол Гавай аралдарының біріне иелік етеді.
Эллисон жетекшілік ететін Oracle корпорациясы – серверлік жабдықтар жеткізетін алпауыт және Microsoft компаниясынан кейінгі әлемдегі екінші ірі бағдарламалық қамтамасыз етуші. Oracle дерекқорлар, ірі дата-орталықтар мен “бұлтты” технологиялар саласындағы жобаларымен кеңінен танымал. Қазіргі уақытта компания ChatGPT-ді жасаған OpenAI ұйымымен бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр.
Ал Илон Масктың байлығы бүгінде 384 миллиард долларға бағалануда. Ол осы күнге дейін әлемнің ең бай адамы ретінде танылып келген болатын.