Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылында 11-ші сыныпты биыл бітіргелі отырған Сағындық Құрмания кісі қолынан биыл сәуірде кеткен. Жар дегенде жалғыз ұлынан айырылған әке мен шеше бүгін де зар илеп, әділдікті талап етеді. Олар 13 адамның ішінде бір ғана жігіттің күдікті ретінде танылғанына наразы.
Tizgin.kz порталы марқұмның әке-шешесімен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын біліп көрді.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ
Сағындықтың анасы Айтбике Дербісованың айтуынша, қылмыс биыл сәуірдің 8-нен 9-на қараған түні болған. Сөзінше, Сағындық пен оның сыныптастарын ауылдың үлкен жігіттері шақырып алып, “қораны неге дұрыс тазаламайсыңдар? Тыңдамайсыңдар” деп ұра бастаған. Соққының бірі Сағындыққа тиген кезде ол сол жерге сұлап түсіп, талып қалған. Жас балалар алғашқы медициналық көмекті жасауға тырысқан кезде оны құтқара алмапты.
Резонансты іс бойынша қазірге дейін Маңғыстау ауданында бірнеше сот отырысы өткен. Айтбике Дербісова сотқа дейінгі тексеру барысында құқық қорғау органдары істі дұрыс жүргізбеген деп есептейді.
«Балапаным-ай… Өте сабырлы еді. Сыныптастарының бәрімен жақсы араласатын. Мектеп бітіріп, оқуға түскелі жүрген жерінде осындай оқиғаға душар болдық. Жар дегенде жалғыз ұлымыздан осылай айырылып отырмыз. Үш-төрт жас үлкен балалардың жасаған зорлық-зомбылығының кесірінен асырап бағады деп отырған жалғыз ұлымыздан айырылып қалдық. Тергеуші баланың ісін дұрыс жүргізудің орнына қылмыскерлерді жақтап, бұрмалап отыр. Бізді ол адастырды. Сол іске қатысты куәгерлердің менің ұлымның өліміне қатысы бар жауаптарын барынша қысқартып, керек жерін ғана алған. Жолдасымның «қылмыскерлерді ұстасын» деген арызының өзін іске тіркемеген», – дейді Айтбике Дербісова.
Сағындықтың әкесі ұлының өлімін ауылдағы “үлкендердің істеп жүрген ісі” дейді.
«Жасөспірімдерге күш көрсетіп, шаруаларына жұмсаған. Баланы жерлегеннен кейін ішкі істер бөліміне арыз бердік. Сот кезінде тексерушіміз (тергеуші) менің алғаш берген жауаптарым қай жақта екенін білмейді. Басты фигуранттың аты аталмай тұр. М. дейтін – міне, сол негізгі адам. Қорқытудың бәрін сол жасаған. М-ның ағасы ІІБ-де істеген. Қазір отставкада. Бір туысы прокуратурада. Соның кесірінен ол қазір тайраңдап жүр», – дейді ол.
Соттағы қазіргі басты күдікті Ж. деген жігіт Айтбике Дербісованың айтуынша, мектеп оқушыларына қора тазалатқан. Көнгісі келмегендерін ұрып қорқытқан. Айтбике тергеу барысында Сағындықтың қатарластары сол түсініктемені берген кезде тергеуші оны есепке алмай, «оларда мал жоқ» деп көрсеткенін айтады.

«13 баланың ішінде тек бір баланы күдікті ретінде танып отыр. Тергеуші қалғандарына сытылып кетуге жол ашты. Сонда біз кімнен көмек күтеміз? Заңды белшесінен басқандар құтылып кете ме? Біз секілділер зар жылап отыра береміз бе? Барлығы әділ жазасын алуы керек. Маған бататыны – менің жалғыз баламды өлтіріп, екі сағат бойы ары-бері сүйреп, мал сияқты лақтырып кеткені жаныма батады. Оған кім жауап береді?» – дейді анасы.
ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ
Сағындықтың әке-шешесінің айтуынша, оқиға болған күні таңда мәйітті алып келген сыныптастарының қылмысты жасырып, “жүрегі ауырып, құлап қайтты” деп жалған жазып берген түсініктемелері де іс материалына тіркелмеген. Онымен қоймай тергеуші заң талаптарын бұзып, ол оқушылардың кәмелетке толмағандарын ескермей, кейбір ата-аналарының қатысуынсыз түсініктемелер жаздыртып алғанын сотта куәгердің бірі атап көрсеткен.
Тергеуші куәгер ретінде өтіп жатқан М.-ның «жұдырықпен ұрды» деген сөздерін «шапалақпен ұрды» деген сөздермен ауыстырған. Шапалаққа ешбір адам талып қалмайтыны айдан анық қой. Тергеуші М. барлық балдарды ұрып соққанын куәлар жауаптары арқылы біліп отырса да, оны куә ретінде ғана іс материалына тіркеген. Тергеу әділ жүргізілгенде сол жігіт те күдікті ретінде қамауға алыну керек еді, – дейді Айтбике.
Айтбике баласын өлтіруге жол беріп, сол жерде қарап тұрғандардың бәрін де жазаға тарту керек деп есептейді. Олардың қылмысты хабарламағанына назар аудартады.
Тергеп, тексеру кезінде куәгерлер мен күдікті бір-біріне қарама қайшы жауап берген. Бәрінің ұялы телефондары зерттелуі керек еді. Ұялы телефондары арқылы үлкен жігіттердің оқушыларды сол үй шаруасына неше рет шақырғандары, неше рет оларды ұрып соққандары туралы анық мәліметтер алынған жағдайд көп нәрсені білер едік. Одан бөлек, ақша жинау фактісі де анықталар еді. “Бар шындықты толық айтамын” деген 9 сынып оқушысы жауабын іске тіркемеген. М-ның әкесі бірнеше ата-аналардың үйлеріне барып, кешірім хат жаздыртып іске тіркеткен. Бұл жерде, ол аталған дерекке шын мәнінде қылмысты анықтауға ниетті ата-аналардың білместігін пайдаланып кеткен. Себебі кейбір ата- аналар бұл арыздарының қылмысты толық ашуға кедергі келтіретінін білмеген. Осының бәрі тергелуі, тексеруі керек. Біздің талабымыз сол! – дейді Айтбике.
Tizgin.kz тілшісі Қазақстанның ішкі істер министрлігі мен Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметкерлеріне хабарласып, осы іс жөнінде ақпарат беруді өтінген. Алайда екі жақ та әзірге үнсіз. Осы мақала шыққанға дейін еш жерден жауап келмеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram