3,2 трлн теңге қарызы бар ҚТЖ топ-менеджерлеріне неге миллиондап бонус төлейді
ҚТЖ топ-менеджерлер мен директорлар кеңесінің мүшелеріне бөлінетін жылдық сыйақы мөлшерін қысқартуға дайын ба? Tizgin.kz порталының тілшісі ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергеновке осы сұрақты қойды.
ҚТЖ БАСШЫСЫ НЕ ДЕЙДІ
Үкіметтің өткен отырыстарының бірінде ҚТЖ басшысы болған, қазір көлік министрі қызметін атқаратын Нұрлан Сауранбаев ұлттық компанияның қарызы 3 трлн теңгеден асатынын мәлімдеген еді. Сауранбаевтың өзі жақында ғана қызметін ауыстырып, ҚТЖ басшысы қызметінен көлік министрі лауазымына ауысқан. Солай бола тұра 2023 жылы ҚТЖ ҰК топ-менеджерлер мен директорлар кеңесінің мүшелеріне 790 млн теңге бөлінген. Бұл бағыттағы шығынды ұлттық компания қысқартқалы отыр ма?
Осы сұраққа жауап берген Талғат Алдыбергенов ҚТЖ бүкіл қарызын төлеп жатқанын, ал бонустарды бөлу мәселесін директорлар кеңесі шешетінін айтады.
“Мұндай сұрақтар өте жақсы. Расында да, ҚТЖ-да 3,2 трлн теңге қарыз бар. Бірақ ұлттық компания ақшаны береді. Былайша айтқанда, біздің табыс шығындарды уақытында жабуға жетеді.
Бонус жайлы айтар болсам, оның мөлшерін тек директорлар кеңесі шешеді”, – деді ол.
2024 және 2025 жылы бонустар мен сыйақылар үшін қанша ақша бөлінді деген сұраққа Алдыбергенов “шешім болған жоқ” деп жауап берді.
БОНУСТАР МЕН СЫЙАҚЫЛАР
2023 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) басшылары мен директорлар кеңесі мүшелеріне төленген жалпы сыйақы сомасы 790 млн теңгені құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 200 млн теңгеге артық. Мұндай дерек компанияның жылдық есебінде келтірілген.