ЕрекшеСпорт

Қымбаты бір айлыққа тең: “Қайрат – Реал” матчының билет бағасы жарияланды

Алматылық «Қайрат» футбол клубы мен мадридтік «Реал» арасындағы көптен күткен кездесуге билеттер сатылымы 23 қыркүйекте, сағат 17:00-де басталады, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Билеттерді клубтың ресми сайтынан және Ticketon платформасынан онлайн түрде сатып алуға болады.

«Қайрат» фубол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өз алаңындағы матчтарға арналған билеттерді сату тәртібін жариялады. Ресми ақпарға сәйкес, Алматы уақытымен 23 қыркүйек күні 17:00-де сатылымға шығады. Билеттерді ticketon.kz және клубтың ресми сайтынан алуға болады.

«Бір жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) екі билеттен артық берілмейді. Барлық дерек сатып алу кезінде де, стадионға кірер сәтте де мұқият тексеріледі», – делінген клубтың ресми хабарламасында.

УЕФА талаптарына сай белгіленген баға саясаты барлық ішкі матчқа бірдей қолданылмақ. Билеттердің бағасы – 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін.

«Бұл баға Чемпиондар лигасы форматындағы халықаралық турнирлерге қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Ал клуб абонементінің иелері өз орындарын жеңілдетілген бағамен алдын ала сатып алу мүмкіндігіне ие болады», – делінген клубтың баспасөз қызметі мәліметінде.

Сонымен қатар, билеттердің белгілі бір бөлігі «Қайрат» академиясы мен оның филиалдарындағы жаттықтырушылар мен жас тәрбиеленушілерге, паралимпиадалық спортшыларға, клубтың ардагерлері мен еңбек сіңірген қызметкерлеріне үлестіріледі. Бұдан бөлек, клуб демеушілеріне арналған арнайы квота да қарастырылған.

Back to top button