Ерекше

2030-шы жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасы бекітілді

Үкімет Қазақстанның 2030 жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасын бекітті. Құжат 2025 жылдың 27 қарашасынан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

ҮКІМЕТ ҰСЫНҒАН ДЕРЕК

Үкімет дерегінше, сауда ел экономикасындағы маңызды салалардың бірі болып қала бермек. 2024 жылы бұл секторда 1,5 миллионнан астам адам еңбек еткен, яғни бұл елдегі жұмыспен қамтылғандардың 16,6 пайызы. Соңғы он жылда саланың өзі 228 мыңға жуық жұмыс орнын құрған. Ал 2024 жылы сауда саласында 806 мыңнан аса бизнес нысаны тіркелген – бұл Қазақстандағы барлық кәсіпорынның үштен біріне жуығы.

2030 жылға дейінгі сауда саясатының миссиясы – ішкі және сыртқы нарықтарда тауар өндіру, сақтау және сату арасындағы тұрақты әрі ашық тізбекті қалыптастыру. Мұндай жүйе барлық қатысушылар үшін тиімді болуы тиіс:

  • тұтынушыларға — отандық және импорттық тауарларға әділ бағамен қол жеткізу;
  • өндірушілерге — өнім өткізу арналарының алдын ала болжауға болатындығы;
  • бизнеске — заңды әрі қолайлы жұмыс жағдайлары.

Құжатта тұжырымдаманың сауда экожүйесін құруды көздейтіні жазылған.

– Бұл экожүйе цифрлық технологияларға, сауда процесстерінің тиімділігіне, адал бәсекеге, тұтынушылардың мүддесін қорғауға, отандық өндірісті қолдауға негізделеді. Одан бөлек, жаһандық жеткізу тізбектеріне кірігуге және Қазақстанды Орталық Азияның басты сауда-логистикалық хабына айналдыруға басымдық берілмек, – делінген құжатта.

Сауда саласы экономика құрылымында жеке бағыт ретінде қаралады: өз стратегиясы, басымдықтары және сын-қатерлері бар. Оның басты мақсаты – елдің және азаматтардың экономикалық мүддесін қорғау.

НЕГІЗГІ ҮШ БАҒЫТ

Тұжырымдама үш негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру. Бұл секторды цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу, электрондық және биржалық сауданы дамыту, сондай-ақ базарлар мен көтерме алаңдарды цифрландыруды қамтиды.

Жоспар бойынша тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесі енгізіледі; мемлекеттік ақпараттық жүйелер ықпалдастырылады; франчайзинг пен кооперативтер дамытылады; электрондық сауда туралы жеке заң қабылданады; ірі сауда желілерінен бастап көше саудасына дейінритейл форматтары жаңартылмақ.

Сосын отандық өндірісті қолдау және экспортты өсіруге де мән беріледі. Саясат «алып-сату» моделімен емес, «өндіріп-сату» қағидасымен жұмыс істеуге бағытталады. Бұл ішкі нарықтағы отандық тауар үлесін арттыруға және өңделген өнім экспортының өсуіне жол ашпақ.

Мемлекет тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын кеңейтеді, жоғары қосылған құны бар өнім экспорттаушыларды қолдауды күшейтеді.

Тұтынушылар құқықтарын қорғауды күшейту ерекше бақылауда болады. Яғни, бұл – тауар және қызмет сапасын бақылау механизмдерін жетілдіру, нормалау мен сертификаттауды күшеңдету, сондай-ақ тұтынушылар құқығын қорғау заңнамасына өзгерістер енгізуді қамтиды.

Тұжырымдамада көрсетілген нақты мақсат пен міндеттер мынадай:

  • Саудадағы нақты көлем индексі – 2025 жылғы 107%-дан 2030 жылы 110,2%-ға дейін.
  • Еңбек өнімділігін арттыру  – 121,9%-дан 171%-ға дейін.
  • Негізгі капиталға инвестициялар – 1,22 трлн теңгеден 2,7 трлн теңгеге дейін.
  • Саудадағы көлеңкелі экономиканың үлесі – 3,02%-дан 2,42%-ға дейін төмендеу.
  • Биржалық сауданың үлесі – қазіргі 10%-дан 27%-ға дейін.
  • Электрондық коммерция үлесі – 15%-дан 20%-ға дейін.
  • Заманауи сауда форматтарының үлесі – 44%-дан 72%-ға дейін.
  • Өңделген тауар экспорты – 41 млрд доллардан 52 млрд долларға дейін өсуі.
  • Тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы реттеу тиімділігі – 74,7%-дан 80,7%-ға дейін.
  • Қазақстан эталондарының өлшем бірлігі бойынша мүмкіндіктерінің өсуі – 3,4%-дан 14,5%-ға дейін.
Back to top button