2027 жылдан бастап қандай дәрігерлердің жалақысы өседі
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап емханалардың учаскелік қызмет мамандарына қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. Жаңа жүйе енгізілсе, олардың жалақысы 40 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, бастама Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын азайту және алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіндегі еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленген.
Жаңа үстемеақы 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтуы мүмкін.
Үстемеақы кімге және қалай төленеді
Ақмарал Әлназарованың сөзінше, қосымша төлем емханалардың учаскелік қызмет мамандарына қарастырылып отыр.
«2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарына сараланған үстемеақы белгілеу ұсынылып отыр. Үстемеақы үздіксіз еңбек өтілі мен психоэмоциялық жүктемеге байланысты төленеді», – деді министр.
Демек, жалақы барлық медицина қызметкеріне бірдей мөлшерде көтерілмейді. Қосымша төлемнің көлемі белгіленген талаптарға сәйкес жеке есептеледі. Ұсыныс қабылданған жағдайда, учаскелік қызмет мамандарының еңбекақысы 40 пайызға дейін артуы мүмкін.
Қанша қаражат қажет
Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, жаңа төлем жүйесін енгізу үшін 2027–2029 жылдары жыл сайын шамамен 137 млрд теңге қосымша қаражат қажет. Оның 34 млрд теңгесін республикалық бюджеттен бөлу, ал қалған 103 млрд теңгені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландыру жоспарланған.
Ведомство бұл бастама алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласындағы маман тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді. Сондай-ақ еңбекақыны арттыру емханалардағы жұмыс орындарының тартымдылығын күшейтіп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде.