Ерекше

2026 жылы шәкіртақы өсе ме

Биыл студенттер шәкіртақысы өсе ме, жоқ па деген сұраққа Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасы Гүлжан Жарасова жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

ЗАҢНАМА НЕ ДЕЙДІ

Оның айтуынша, 2020 жылдан бері шәкіртақы мөлшері жыл сайын кезең-кезеңімен ұлғайып келеді. Алайда бұл өсім инфляция деңгейіне тікелей байланысты емес. Комитет төрағасының сөзінше, 2020 жылмен салыстырғанда бүгінде шәкіртақы көлемі екі есеге артқан. Атап айтқанда, биылғы оқу жылында студенттер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары шәкіртақы ала бастады.

«Қазақстан заңнамасында шәкіртақыны индексациялау қарастырылмаған», – деп нақтылады комитет төрағасы.

ШӘКІРТАҚЫ КӨЛЕМІ ҚАНДАЙ

Қазіргі уақытта бакалавриат студенттеріне төленетін шәкіртақы мөлшері 52 мың теңгеден асады. Медициналық және педагогикалық мамандықтар бойынша бұл көрсеткіш 84 мың теңгені құрайды. Магистратурада шәкіртақы көлемі 117 мың теңгеден жоғары болса, докторанттарға 262 мың теңге төленеді.

Бұған дейін Сенат депутаты Закіржан Күзиев аграрлық жоғары оқу орындары студенттеріне арналған шәкіртақыны арттыруды ұсынған болатын. Оның пікірінше, бұл қадам ауыл шаруашылығы саласындағы кадр даярлау жүйесін дамытуға серпін береді.

Back to top button