“Бәйтерек” инвестициялық холдингінің басшысы Рустам Қарағойшин өзі басқаратын ұлттық компанияда ешкім жұмыстан қысқартылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үкіметте баспасөз мәслихаты аяқталғаннан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Рустам Қарағойшин 2023 жылдан бері қаржыландыру көлемі ұлғайып келе жатқанын айтады. Сөзінше, осыған байланысты холдинг басшылығы үкіметтен “бізге тағы адам керек” деп сұраған. Алайда президент үкіметтің кеңейтілген отырысында квазисекторлық компанияларға сын айтқан соң “Бәйтерек” қазір жұмыс істейтін 3900 адамды сақтап қалуды мақсат етіп отыр.
“Қазір цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол шаруа біткеннен кейін мүмкіндік болса қараймыз”, – деді ол.
Журналистер Қарағойшиннен “Бәйтерек холдингінде топ-менеджерлердің орташа айлығы қанша?” деп сұраған. Бұл сұрақ бірнеше рет қойылса да, холдинг басшысы бұл “коммерциялық құпия” дегеннен танбады.
Бұған дейін БАҚ-та «Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің 10%-ын қысқартып жатқаны туралы жазылған еді. Әңгіме ұлттық холдинг «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бас кеңсесіндегі құрамды қысқарту жайында болып отыр, деп хабарлаған Atameken business дереккөздері.
Tizgin.kz порталына берген жауабында «Самұрық-Қазына» қоры Астанадағы басқарушы кадрларды қысқартқалы жатқанын хабарлаған еді.
Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты жұмысқа жүктелмеген қызметкерлерді сынға алып, кадрлық құрылымды қайта қарау қажеттігін мәлімдеген болатын. Тоқаевтың айтуынша, бірқатар квазимемлекеттік ұйымдарда өндірістік процестерге нақты тартылмаған қызметкерлер қабаты қалыптасқан. Мемлекет басшысы мұндай қызметкерлердің жұмыс уақытында кафе мен қонақүйлерде сағаттап отырып, өзара сөйлесіп, интернетті пайдаланып, нақты міндеттерді орындамайтынын атап өткен.