Жаңалықтар

Ресей Турлов туралы мақала жазған қазақстандық сайттардың бұғатталуын талап етіп отыр

Ресей тарапы қазақстандық Ulysmedia.kz және Cmn.kz басылымдарының сайттарын бұғаттауды талап етуде. Бұған аталған ресурстарда Freedom Finance компаниясының бенефициары, сол жақта туған Тимур Турлов туралы жарияланған материалдар негіз болған, деп хабарлайды Tizgin.kz kaztag.kz-ке сілтеме жасап.

СОТ АҚПАРАТЫ

Мәскеу қалалық соты анықтамасына сәйкес, Данилова Дорина Ирековнаның әдеби туындыларға авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды қорғауға бағытталған алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтініші қанағаттандырылған.
Сот шешімімен Роскомнадзорға және өзге де тұлғаларға «Олигарх Турлов «Фридом Финанс» құрбандары туралы сұрақтан жалтарды» және «Әлеуметтік желідегі наразылық: Freedom Bank клиенттердің шоттарын бұғаттап, әр теңге үшін есеп талап етуде» атты материалдарды интернет кеңістігінде орналастыруға, таратуға және пайдалануға техникалық жағдай жасауды тоқтату міндеттелген, – делінген Мәскеу қалалық соты таратқан ақпаратта.

Сот шешімінде бұғаттауға ұсынылған нақты сілтемелер де көрсетілген. Алайда даулы мақалалардың авторы ретінде ресейлік сот Данилованы көрсеткенімен, шын мәнінде аталған материалдардың авторлары – Ulysmedia.kz пен Cmn.kz редакциялары.

МӘН-ЖАЙЫ

Еске салайық, 13 ақпанда редакция Ресей сотына берілген талап-арыздардың артында ресейлік заңгер Дорина Данилова тұрғанын хабарлаған еді. Оның Турлов туралы жарияланымдарды бұғаттаумен айналысып жүргені айтылған.

6 ақпанда Ресейдің Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласындағы федералдық қадағалау қызметі – Роскомнадзор KazTAG сайтына қатысты да бұғаттау талабын жолдаған. Оған агенттіктің бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновке қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы материалдар себеп болған.

Ресей тарапы авторлық құқықтың бұзылуы туралы уәж келтірген. Алайда редакция бұл шешімді заңсыз әрі негізсіз деп бағалайды. Себебі даулы контентке авторлық құқық KazTAG агенттігіне, оның адвокаттарына және Freedom Finance салымшыларына тиесілі.

7 ақпанда Ресейдің алдағы айларда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісім арқылы Қазақстан аумағындағы сайттарды бұғаттау құқығына ие болуы мүмкін екені белгілі болды. Мұндай жағдайда «авторлық құқықты бұзу» негіз ретінде қолданылуы ықтимал.

KazTAG редакциясы Қазақстанның ақпараттық егемендігіне қауіп төнуі мүмкін екенін атап өтіп, Бас прокуратураға, ҰҚК-ге, Әділет министрлігіне, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми сауал жолдады. Редакция қазақстандық заңды тұлғалар Роскомнадзор талаптарын орындауға міндетті ме және ақпараттық егемендікті қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны жөнінде түсініктеме сұрады.

ҚАСЕНОВТІҢ ПӘТЕРІН ТІНТТІ

KazTAG басшылығына қатысты қылмыстық іс Freedom Finance салымшылары мен адвокаттарының мәлімдемелеріне негізделген. Кейін бұл іс қоғамда және халықаралық деңгейде кең резонанс тудырды.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) мен «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры алаңдаушылық білдірді. АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ елшіліктері жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеген. БҰҰ да Қазақстандағы журналистерге қысым көрсету фактілеріне байланысты алаңдап отыр.

Бас редактор Әмір Қасенов былтыр желтоқсан айында ұсталып, кейін үйқамаққа алынған болатын. Оның адвокаттары тергеу әрекеттерінде заңбұзушылықтар барын мәлімдеді. Сонымен қатар, KazTAG редакциясында және Қасеновтің пәтерінде тінту жүргізілді.

Қаңтар айының соңында прокуратура агенттік бас директоры Асет Матаевты үйқамаққа алу туралы өтінішін кері қайтарып алды.

АҚШ-ҚА ЖОЛДАНҒАН АУДИОЖАЗБА

10 желтоқсанда Қасенов Freedom Finance бенефициары Тимур Турловпен беттестіру өткізуді талап еткенін мәлімдеген. Сондай-ақ компания инвесторларын жауап алуға шақыру туралы өтініш берілетінін айтқан.

Бұдан бөлек, KazTAG редакциясы Freedom Finance-тің бұрынғы топ-менеджері Рүстем Какеновпен болған әңгіменің аудиожазбасын АҚШ пен Еуроодақ елшіліктеріне жолдаған. Онда ол 62 млн доллар көлеміндегі операция арқылы антиресейлік санкцияларды айналып өту туралы айтқан.

Ақпан айында АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Джули Стаффт тәуелсіз БАҚ-қа қатысты қылмыстық істер тұрақты бақылауда екенін хабарлады.

Қазіргі уақытта KazTAG басшылығына қатысты қылмыстық іс қазақстандық және шетелдік БАҚ назарында қалып отыр. Редакция бұл процесті сөз бостандығына қысым ретінде бағалайды.

Back to top button