14 сарбаздың қазасы: Бектенов тексерістен соң анықталған кемшіліктерді атады
Бектеновтің сөзінше, Маңғыстаудағы қайғылы оқиға әскери оқу-жаттығулардағы жүйелі проблемалар барын көрсеткен
Маңғыстау облысында 14 әскери қызметші қаза тапқан қайғылы оқиға оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде жүйелі проблемалар бар екенін көрсеткен. Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру барысында қауіп-қатерді бағалау, оқу-жаттығу барысын бақылау және жағдай өзгерген кезде жедел әрекет етуге дайындық бағытында кемшіліктер анықталған. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жағдай бақыланбаған
Үкімет басшысы Құрылтай депутаттарының 2026 жылы 1 қазандағы сауалына берген жауабында әскери оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталған. Оның мәліметінше, тексеру кезінде қауіпті факторларға жеткілікті назар аударылмағаны анықталған.
“Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулар барысын бақылауды ұйымдастыруда, ықтимал тәуекелдерді бағалауда және жағдай өзгерген кезде жедел ден қоюға дайындықта кемшіліктер бар екені анықталды. Атап айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті назар аудармау, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және оқу-жаттығулардың қауіпті кезеңдерін тоқтата тұру туралы шешімдердің уақтылы қабылдануына тиісті бақылаудың болмауы”, – делінген жауапта.
Премьер-министрдің жауабында тексеру барысында анықталған ұйымдастырушылық кемшіліктер аталған. Алайда әскери қызметшілердің қаза табуына тікелей себеп болған нақты мән-жайлар мен лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі жөніндегі қорытындылар келтірілмеген.
Әскери реформаның жобасы әзірленді
Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес уәкілетті органдар Әскери реформа жоспарының жобасын әзірлегенін хабарлады. Реформа әскери басқару жүйесін жетілдіруді көздейді. Соның аясында әскери қызметшілердің қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтай отырып, оқу-жаттығуларды жоспарлау тәртібін стандарттау қарастырылған. Үкімет басшысының мәліметінше, әскерде орналасқан жерді анықтау, әуеден бақылау және құлақтандыру технологиялары қазірдің өзінде қолданылады. Қарулы Күштерде әуеден бақылау жүргізетін ұшқышсыз жүйелер бар. Ал күштік құрылымдардың жекелеген бөлімшелері геолокацияны анықтауға және әскери қызметшілердің физиологиялық жай-күйін бақылауға арналған жеке құрылғыларды пайдаланады.
Сонымен қатар күштік мемлекеттік органдар «Қазгидрометпен» өзара іс-қимыл орнатқан. Осы жұмыс аясында оларға ауа райының болжамды өзгерістері мен дауылды ескертулер туралы мәліметтер тұрақты түрде ұсынылады. Дегенмен аталған технологиялар мен ақпарат көздерінің болуы оқу-жаттығуларды ұйымдастырудағы кемшіліктердің алдын алуға жеткіліксіз болған. Депутаттарға берілген жауапта Әскери реформа жоспарын бекіту және іске асыру мерзімдері нақтыланбаған.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.