ЕрекшеТергеу

Стоматологиядағы бала өлімі – прокурор анестезиологқа рақымшылық жасауды сұрайды

Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасында қыз баланың қайтыс болуына қатысты іс бойынша сотта мемлекеттік айыптаушы айыпталушы-анестезиолог Аида Жұмағалиеваға қандай жаза сұрайтынын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Стоматологиядағы бала өліміне қатысты сот процесі тараптардың жарыссөзі кезеңіне өтті. Мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Шалқаров айыптау тарапы ұстанымын мәлімдеді.

«Айыпталушы Жұмағалиеваны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 317-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ үш жылға медициналық қызмет көрсету құқығынан айыруды сұраймын. Конституция күніне орай жарияланған амнистия туралы заңға сәйкес, айыпталушыны тағайындалған жазадан босатуды өтінемін», – деді прокурор.

Анестезиолог Аида Жұмағалиева Dent Park Ortho клиникасында үш жасар қыз баланың өліміне кінәлі деп танылып отыр. 2021 жылы туған кішкентай пациентке 18 тісін емдеу үшін «Севоран» препаратымен төрт жарым сағатқа созылған наркоз жасалған. Ояну барысында баланың жүрегі тоқтап, жүргізілген реанимациялық шаралар нәтиже бермеген.

Алдыңғы сот отырысында айыпталушының қорғаушысы мен жәбірленуші тараптың өкілі клиника басшысы Надежда Хон мен тіс дәрігері Төлеухан Әубәкіровті қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі өтінішке қатысты ортақ ұстаным білдірген болатын.

Back to top button