ЕрекшеЭкономика

Қазақстанда нарықтарды мемлекеттендіру үрдісі жүріп жатыр – Halyk Bank басшысы

Қазақстан цифрландыру бойынша әлемнің ТОП-10 еліне кірген, алайда бәсекелі нарықтарда мемлекеттің рөлінің күшеюі белгілі бір қауіптерді туғызады. Бұл туралы Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова Қазақстан қаржыгерлер конгресінде мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жалпыотырыста сөз алған Шаяхметова Бірыңғай QR жүйесін енгізуді толық қолдайтынын айтып, оны ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан дұрыс шешім деп атады.

«Банктер – форватер саналады. Біз тек несиелеумен шектелмейміз, барлық бағыт бойынша озық технологияларды енгіземіз. Криптоиндустрия, стейблкоиндер, BaaS, M&A — мұның бәрі банктердің экономиканы цифрландырудағы негізгі рөлін көрсетеді», — деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық сервистердің дамуы жағынан әлемдегі ең алдыңғы қатардағы елдердің біріне айналған.

«Біз мемлекеттік қызметтер мен қаржылық сервистерді цифрландыру бойынша әлемнің үздік ондығына кіреміз. Бұл — мақтануға тұрарлық көрсеткіш», — деді Шаяхметова.

Сонымен бірге ол мемлекеттің нарыққа шамадан тыс араласуы байқалып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, қазір бәсекелі ортада жұмыс істеуі тиіс салаларға мемлекеттік құрылымдардың ену тенденциясы күшейіп келеді.

Мысал ретінде ол:

  • куәландыру орталықтарын,
  • мессенджерлер мен тіркеу сервистерін,
  • ставкаларды тіркеу орталығын,
  • мобильді телефондарды тіркеу жүйесін атады.

«Ұлттық қауіпсіздік мәселесі болса — мемлекеттің рөлі шешуші. Бірақ жеке сектор жақсы жұмыс істеп тұрған қызметтерді мемлекеттік монополияға айналдыру — мемлекет бармауы тиіс шекара», — деді банкир.

Шаяхметованың пікірінше, мемлекеттің міндеті — инфрақұрылым құру, интернет пен телеком қызметтердің сапасын арттыру, құқықтық база қалыптастыру. Ал азаматтар мен бизнес күнделікті пайдаланатын сервистер бәсекелі ортада қалуы қажет. Оның айтуынша, Бірыңғай QR жүйесін Ұлттық банктің бақылауымен енгізу — мемлекеттің қатысуы орынды болған мысал.

«Ұлттық төлемдерге жеке компанияның монополия алуы дұрыс емес. Бұл — ұлттық қауіпсіздік. Кез келген дағдарыс кезінде біз тәуелсіз болуымыз керек», — деді Үміт Шаяхметова.

Back to top button