Қазақстандағы жалақы алмаған легионерлер ФИФА-ға шағымданбақ
«Атырау» футбол клубы ойыншыларға қазан айының еңбекақысын да, сыйақысын да төлемеген көрінеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған ақпаратпен мұның алдында ASnews.kz бөліскен болатын. Сайт мәліметінше, турнир аяқталуына бір тур қалғанда КПЛ-2026 маусымына жолдамасын сақтап қалған «мұнайшылардың» футболшылар алдындағы берешегі әлі жабылмаған.
«Барлығы білуі тиіс, “Атырау“ легионерлерге қазан айының жалақысын да, уәде етілген сыйақыны да төлемеді. Чемпионатта орнымызды сақтап қалғанымыз үшін басшылық өзі беретінін айтқан, алайда қазір уәдесінен тайып отыр», — деді редакцияға хабарласқан футболшылардың бірі.
Оның айтуынша, жағдай әлі ушығып тұр.
«Енді біз, шетелдік футболшылар, ФИФА-ға шағым түсіреміз. Жағдай осыған әкеле жатыр», — деді ол.
Айта кетейік, соңғы бірнеше айда «Атырау» бас бапкерін төрт рет ауыстырды. Премьер-лигада 26 матч өткізген команда бас менеджер қызметін атқарған Дидар Сыдықбектің жетекшілігімен бар болғаны төрт рет жеңді. Сөйтіп, турнир кестесінде 13-ші орынға тұрақтады.