Назарбаевтың Бурабайда иеленген жері мемлекетке қайтарылды ма
Ақмола облысы әкімінің қатысуымен өткен жиында журналистер Бурабайда ондаған жылдар бойы заңсыз беріліп келген жер телімдері туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ӘКІМ НАҚТЫ КІМДІ МЕҢЗЕДІ
Мемлекет қазір ұлттық парк аумағындағы заңсыз бөлінген жерлерді қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл учаскелер Болат Назарбаевқа қатысы бар компанияға берілгені анықталған. Аталған факті бойынша жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап арыз түсірді. Істе жауапкерлер ретінде Болат Назарбаевтың балалары көрсетілген.
Бұған дейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кейбірінің «таныстық арқылы» жер алуы мүмкін екенін жоққа шығармаған еді. Осы жолы журналистер нақты кімді меңзеп жүргенін нақты сұрады. Алайда әкім олардың есім-сойын атаудан бас тартты.
Бұл жерде нақты ешкімді меңзеген жоқпын. Мен тек «мүмкін» дедім. Кім, қандай заң бұзушылықпен және қандай артықшылық арқылы жер алғанын құқық қорғау органдары анықтауы тиіс. Бұл кез келген азамат болуы мүмкін. Мұнда пара алу, жемқорлық, сатып алу фактілері де болуы ықтимал. Сондықтан бәрін тергеу қажет, – деді өңір басшысы.
ДАУДЫҢ УШЫҒУ СЕБЕБІ
Сонымен қатар Ахметжанов жағдайды түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, Бурабайдағы жер дауы прокуратураның ұлттық парк аумағындағы учаскелердің жергілікті атқарушы органдарға заңсыз берілгенін даулағаннан кейін ушықты. Жер бөлу рәсімі 2022 жылы үкіметтің тиісті қаулысы шығарылмай тұрып жүзеге асқан, яғни заң талаптары өрескел бұзылған.