ЕрекшеЖаңалықтар

Қазақстан Ресейден төрт амур жолбарысын алады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапары кезінде амур жолбарыстарын әкелу және оларды бейімдеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл құжат Орталық Азияда жолбарыс популяциясын қайта қалпына келтіруді көздейтін бірегей жоба бойынша жасалған уағдаластықтарды бекітеді.

Келісімге екі елдің экология министрлері — Ерлан Нысанбаев пен Александр Козлов қол қойды. Ресей Қазақстанға төрт амур жолбарысын береді: екі аталық және екі аналық. Олар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватасына жеткізіледі.

Жолбарысты қайта жерсіндіру жобасының ғылыми да, тарихи да мәні зор. 2009 жылы халықаралық биологтар тобы Қазақстан аумағында тіршілік еткен, кейін жойылып кеткен тұран жолбарысының ДНҚ-сы қазіргі амур жолбарысының ДНҚ-сына іс жүзінде толық сәйкес келетінін дәлелдеген. Бұл дерек жоғалған популяцияны қалпына келтірудің негізгі дәйегіне айналды.

Ресей тарабы жануарларды ветеринариялық даярлау мен тасымалдауды қамтамасыз етеді, ал Қазақстан оларды орналастыру, бейімделу және кейінгі мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Жоба WWF (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) мен БҰҰ Даму бағдарламасының (ПРООН) қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бұл ұйымдар жабайы жануарлар популяциясын қалпына келтіру, қорықтар құру және табиғатты қорғау бағытындағы бастамаларда тұрақты түрде әріптестік етеді.

«2018 жылы Қазақстанда „Іле-Балқаш“ резерваты құрылды. Онда Нидерландтан әкелінген алғашқы амур жолбарыстары қазірдің өзінде мекендеп жатыр. Бағдарламаның табысты жүзеге асуы Қазақстанды жолбарысты жойылып кеткен аймағына қайтара алған әлемдегі алғашқы елдердің біріне айналдырады», — деп хабарлады ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Back to top button