“Жауапкершілік жоқ” – Ринат Зайыт аналар наразылығына дейін жеткізген шенділерді сынады

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт аналар наразылығына дейін жеткізген шенеуніктерді сынады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕПУТАТТЫҢ ЖАУАБЫ
Ең алдымен БАҚ өкілдері одан жағдайдың бұлай ушығу себебін сұрады.
Мен бұның себебін бір-ақ жерден көремін. Біздегі жауапкершіліктің нақты жүктелген адамнан сұралмауы. Бізде ешкім сұралмайды. Мұнау жауапты екен демейді. Халық та соған үйреніп алған. Қит етсе “президент”, “президент” дейді. Жауапкершілік жоқ адамдарда, – деді депутат.
Журналистер Ринат Зайыттан “сонда олар Президент тапсырмасын күтіп отыр ма?” деп сұрады. Депутат сөзінше, сондай тенденция қалыптасырып алған.
Мұның себебін неде деп сұрасаңыздар, менің ойым сол, 30 жыл ішінде жеке басқа табынушылықты үдеп жібердік. 30 жыл ішінде бойымызға сіңіп алды, – деді ол.
“Сонда қаптаған министр не істеп отыр? Бәлкім, оларды азайту керек шығар?” деген сауал да қойылды. Депутат “мен қайдан білейін, Үкіметті мен қалыптастырып отырған жоқпын ғой” деп қысқа қайырды.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске сала кетейік, 10 қарашада барша жұртшылық назары Астанадағы аналардың наразылығына ауды. Аналардың ащы зары көрсетілген, желіге кезек-кезек тараған акция видеоларына лайк басып, пікір қалдырғандарда сан жоқ. Себебі де белгілі: қоғам армияда тәртіп орнатуды баяғыдан талап етіп келеді. Бірақ өкінішке қарай, армиядағы бір сарбаздың өлімінен кейін топырағы суымай жатып, екінші қайғылы оқиға жайлы қаралы хабар тарайды. Өкініштісі, сол жайттардың тергелуі де көп сұрақ туындатады. Туғанынан айырылған қаралы отбасылар әділдікті талап етіп, үндеу жасайды, президенттен көмек сұрады.
Атыраудан Астанаға келген Айна Есбергенова марқұм ұлын әскерде әлдекімдер ұрып соққан соң қаза болғанын айтты. Ұлы 2023 жылы қарашада өз еркімен әскерге кеткен. 2024 жылы 9 сәуірде «балаңыз жүрек ауруынан қайтыс болды» деген қаралы хабар жеткен.
«Барсам баламды киіндіріп қойған. Үстінде сау жері жоқ. Соққы іздері болды. Үйге әкеліп жерледік. Жерлеген соң баламмен бірге әскерде болған достары келіп, баламды ұрып, өлтіргенін айтты. Балам далада 20 минут жатқан, ол кезде тірі болған. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Сол жерде көз жұмған. Баламды ұрып өлтірген адамдар заң жүзінде жазасын алса екен деп әділдік іздеп отырған анамын», – деді ол.
Кешқұрым Орда.кз басылымы Астанадағы наразылықтан кейін аналарды жасырын түрде полиция алып кеткенін жазды. Күні бойы БАҚ өкілдері қасында тұрған соң полицейлер сәт сағатын күтсе керек. Журналистер кеткен соң алты әйелді Байқоңыр аудандық полиция басқармасына әкеткен.
МӘСЕЛЕГЕ ТОҚАЕВ ТА АРАЛАСТЫ
Осы ақпарат жағдайдан хабардар жұртшылықты алаңдатып қойған. Алайда кешке қарай тағы бір жаңалық шықты. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурор Берік Асыловқа әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырғанын хабарлады.