ЕрекшеЖаңалықтар

Қазақстан-Қытай шекарасында жүк көліктері үшінші күн кептелісте тұр

«Нұр Жолы» өткізу бекетіне апаратын тасжолда көлік қозғалысы тоқтап, жүргізушілер жіпсіз байланды да қалды. Атамекен ауылынан бастап шекараға дейін жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі созылып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

“ЕШКІМ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРЕР ЕМЕС”

Жол жиегі ауыр жүк машиналарға толған. Фуралар қозғалыссыз тұр.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытындағы жағдай одан да қиын көрінеді. Шолақай ауылынан «Нұр Жолы» өткізу бекетіне дейін ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын екінші кезек түзілген. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, осы жерде тұрғандарына үш тәулік болды.

«Шекараға кіре алмай отырмыз. Электронды кезек істемей қалды, бронь жарамсыз, ешкім түсініктеме берер емес», – дейді жүргізушілердің бірі.

ЖҮРГІЗУШІЛЕР КЕПТЕЛІСТІ НЕМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ

Жүргізушілердің айтуынша, негізгі себеп сол, екі ел арасындағы жұмыс үйлесімсіздігі. CargoRuqsat қызмет жүйесі кенеттен 1200 жүк көлігінің кезегін ашқан, алайда Қытай тарапы бұған дайын болмай шыққан. Соның салдарынан көліктер тұрып қалды, ал шекара алып тұраққа айналды.

ҚР Көлік министрлігі де, Мемлекеттік кірістер комитеті де әзірге электронды жүйенің неге қытайлық тараппен келісілмей жұмыс істеп тұрғанына түсініктеме берген жоқ. Осы уақытта шығын артып, жүктің бұзылу қаупі күшейіп, жүргізушілер үшінші тәулік қатарынан жолда қалды.

 

Back to top button