Хасанның соңғы сөзі мен «өзімді өртеймін» деген әйелі: резонансты іс шегіне жетті

10 қараша күні Талғар аудандық сотында атышулы қылмыстық іс бойынша басты айыпталушы Хасан Қасымбаев соңғы сөзін айтты. Үкім 11 қарашада шығады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оған үш бап бойынша – адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қарақшылық арқылы ақша бопсалау бабымен үш айып тағылған. Іспен бірге тағы бес адам сотталып жатыр. Жәбірленуші тарап аралас жекпе-жек шебері Арман Әлімов пен кәсіпкер Әріпжан Тәжиев.
Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұсталған. Ол өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарып, істің саяси және қоғамдық қысымнан туғанын мәлімдеді.
«Мені қоғамды тыныштандыру үшін құрбан етті»
Соңғы сөзінде Хасан Қасымбаев істің қолдан жасалғанын, ал дәлелдердің жалғыз ғана — жәбірленуші Әлімовтің сөзіне негізделгенін айтты.
«Бұл істі қоғамды тыныштандыру үшін ойлап тапты. Кінәлі керек болды, ал сол рөлге мені қойды. Менің кінәмді дәлелдейтін еш айғақ жоқ. Барлығы – есірткіге тәуелді әрі бұрын сотталған Әлімовтің сөзіне ғана сүйеніп тұр», – деді Қасымбаев.
Оның айтуынша, бұл іс Шерзат Полат ісінің төңірегіндегі резонансқа байланысты қайта жанданған.
«Мені соттап жатқандары – қоғамның резонансына жауаптары. Әлімовтің жалған айғақтарына сеніп отыр. Мен заң мен Құдай алдында таза адаммын. Отбасым мен балаларым күтіп отыр. Соттан әділ үкім шығарып, мені толық ақтауды сұраймын», – деді ол.
Қасымбаев өзіне «Хуторлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі деген айып тағылғанын да жоққа шығарды. «Мені “Хутор ОПГ-сының басшысы” деп көрсетті. Бірақ ондай топтың бар екені еш дәлелденген жоқ» деді айыпталушы.
Айыпталушының бәрі Қасымбаевты қорғайды
Сотта бес бірдей өзге айыпталушы да Қасымбаевты ақтауды сұрады. Олардың барлығы айыппен келіспейтінін, істің әділ тергелмегенін мәлімдеді. Бірінші болып сөйлеген Р.А. журналистерді залдан шығаруын талап етті.
«Менің жүзім TikTok-та жүр. Барлық БАҚ-ты шығарып тастайық. Бұл сотқа сенімім жоқ. Төрт жылдан бері жалғасып келеді», – деді ол.
Р.А. тек 2021 жылғы бұзақылық дерегін мойындады, бірақ басқа айыптармен келіспеді. С.А. есімді тағы бір айыпталушы камералардың болуына наразы болып, прокурор дайындаған айыптау актісін «ойдан шығарылған» деп атады.
«2021 жылы іс бойынша шешім шыққан. Ал қазір еш болмаған адам ұрлауды тағы қосты. Біз Хасанмен өмірімізде кездескен де жоқпыз. Оны ақтаңыздар, ол бұл істе мүлде жоқ», – деді ол.
Үшінші айыпталушы М.К. да тек бұзақылықты мойындап, жәбірленушінің анасына кешірім сұрады. Ал қалған екеуі — Д.А. мен Н.С. — соттан «әділ шешім» шығаруды өтінді.
Сот отырысы алдында Талғар сотының алдында ондаған адам жиналып, Қасымбаевқа қолдау білдірді. Оның анасы Гүлнар Нуракенова мен жары Зүлфия Қасымбаева жиналған жұрт алдында «әділетсіз шешім шықса, шектен тыс шараға барамыз» деп мәлімдеген.
“Күйеуімнің еш кінәсі жоқ. Оны үйде үш баласы күтіп отыр. Егер әділ шешім шығармаса, дәл осы жерде өзімді өртеймін”, – деді Қасымбаевтың жұбайы Зүлфия Қасымбаева.
Бұдан кейін Алматы облыстық соты ресми ескерту жасады.
«Кез келген қысым, қорқыту немесе өзіне зиян келтіру қаупі соттың тәуелсіздігіне қауіп төндіреді. Мұндай әрекеттер заңмен тыйым салынған және қылмыстық жауапкершілікке тартылады», – делінген мәлімдемеде.
Сот азаматтарды сабыр сақтауға және сот процесіне құрметпен қарауға шақырды. «Үкім заң мен дәлелге сүйене отырып шығарылады, қысыммен емес» деп атап өтті сот өкілдері.
Прокуратура не дейді
Прокурор Ерлан Құланбаев сотта Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, ал өзге айыпталушыларға 9–22 жыл аралығында жаза тағайындауды сұраған. Айыптау нұсқасы бойынша, 2021 жылы Талғарда жәбірленуші Арман Әлімов «Қасымбаев маған авторитет емес» деген сөзі үшін соққыға жығылған. Маска киген адамдар оны ұрып-соғып, көлікке күштеп отырғызып, ауыл сыртына алып кеткен. Сондай-ақ Қасымбаев пен серіктестері кәсіпкер Әріпжан Тәжиевтен 1 миллион теңге бопсалаған деген айып тағылған.
Хасан Қасымбаев Талғарда «Хуторлықтар» тобының жетекшісі ретінде аталып жүрген адам. Алайда оған “ОПГ құру және басқару” бабы ресми түрде тағылмаған. Оның есімі Шерзат Полат ісімен байланысты аталған. Бұл істің тергеуі 2025 жылдың 28 наурызында аяқталған болатын.