ЕрекшеОқиға

«Әскердегі өлім тоқтасын»: қайғы жамылған аналар Астанада наразылыққа шықты

Астанада әскери борышын өтеп жүріп қаза болған және жараланған сарбаздардың аналары наразылық акциясына шықты. Олар министрліктер үйінің алдында жиналып, армияда орын алған заңсыздықтарға ашық тергеуді, жүйелі реформалар жүргізуді талап етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Акция барысында әскери колледжде оқып жүрген кезінде ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған Ұлан Мұсаевтың анасы Гүлмира Мұқажанова аналардың ортақ үндеуін оқып берді. Ол елде сарбаз өліміне қатысты істердің жабулы күйінде қалатынын айтып, ашық тергеу жүргізуді талап етті.

«Біз ата-аналар, сарбаз өлімін тоқтату үшін белсенді араласуға дайынбыз. Тергеу әділ және ашық жүргізілсін! Барлық күмәнді істер қайта қаралсын! Тергеу барысында қоғам мен БАҚ өкілдері тікелей қатыссын! Тәуелсіз комиссия құрылсын!» – деді ол.

Аналар әскери бөлімдердегі ахуалдың толық жария болуын, сондай-ақ казармалар мен асханаларда бақылау камераларын орнатуды да талап етті.

Атыраудан келген Айна Есбергенова ұлының өліміне қатысты істі әділ тергеулі талап етті. Оның ұлы 2023 жылы әскери борышын өтеуге өз еркімен кеткен, алайда бірнеше айдан соң көз жұмған.

«Маған баламның жүрек ауруынан қайтыс болғанын айтты. Бірақ өз көзіммен көргенде үстінде сау жері жоқ еді. Балам далада 20 минут жатқан, тірі болған. Бірақ ешқандай көмек көрсетілмеген. Сол үшін кінәлілер заң алдында жауап берсін», — дейді Айна Есбергенова.

Аналардың алдына Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов пен Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев шықты. Олар арыз-шағымдар қабылданып жатқанын айтып, аналарды ішке шақырды. Аналар ғимарат ішіне кіріп, журналистер сыртта қалды.

Қазақстанда әскердегі өлім мен жарақат алу жайттары қоғамды алаңдатып отыр.

Back to top button