
Қазақстан мен АҚШ арасындағы вольфрам жөніндегі жаңа келісім – қатардағы көп мәміленің бірі емес. Ресми Вашингтон алғаш рет Орталық Азия елінің стратегиялық шикізатына қол созып отыр. Вольфрам қарапайым кен көрінгенімен, ол заманға сай технологиялар мен әскери өнеркәсіптің өзегіне айналған сирек метал. Tizgin.kz АҚШ неге Қазақстанның вольфрамын алуға асыққанын талдап, бұл метал не үшін қолданылатынын шолып шықты.
АҚШ-ТА АҚША, ҚАЗАҚТА ВОЛЬФРАМ БАР
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары – кейінгі жылдардағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ең салмақты экономикалық және саяси оқиғалардың бірі болды. Кездесу Ақ үйде өтіп, онда президент Тоқаев пен АҚШ президенті Трамп стратегиялық минералдар саласындағы әріптестікті күшейтуге бағытталған келісімдерге қол қойды. Екі ел арасындағы диалогтың өзегі – вольфрам, молибден және басқа да сирек металдар болды. Бұл бағыт АҚШ үшін энергетикалық және қорғаныс тәуелсіздігін арттырудың бір тетігі саналады.
Келісім аясында Қазақстанның ұлттық тау-кен компаниясы «Тау-Кен Самұрық» пен америкалық Cove Capital компаниясы бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі екі президенттің кездесуінен бірнеше сағат өткен соң жарияланды. Келісімге сәйкес, жаңа кәсіпорын Қазақстанның Қарағанды облысындағы ірі вольфрам кен орнын игерумен айналысады. Бұл кен орны – әлемдегі ең бай және әлі толық игерілмеген қорлардың бірі саналады.

Cove Capital жаңа жобадағы үлестің 70 пайызын, ал «Тау-Кен Самұрық» 30 пайызын иеленеді. Мұндай теңгерім АҚШ-тың жобаны қаржыландырудағы негізгі рөлін көрсетеді, бірақ бұл үлес құрылымы сұрақ туғызады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, шетелдік инвесторға басымдық беру Қазақстанның стратегиялық ресурстарына бақылауды әлсіретуі мүмкін. Десе де, АҚШ тарапы бұл жобаны «өзара тиімді және технологиялық серіктестік» ретінде сипаттайды.
Алдын ала есеп бойынша, Қарағандыдағы жаңа кен орны АҚШ-тың вольфрамға деген ұлттық сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл метал негізінен жоғары беріктікке ие құрал-жабдықтарда, сондай-ақ қорғаныс және аэроғарыш салаларында қолданылады. Трамп әкімшілігі бұл келісімді АҚШ-тың «сыртқы шикізат тәуелділігін азайту жолындағы нақты қадам» деп атады.
Жобаның экономикалық тиімділігімен қатар, оның геосаяси салмағы да ерекше. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ Қытайға тәуелділікті азайту үшін сирек металдардың баламалы көздерін іздеп жатыр. Ал Қытай бүгінде әлемдік вольфрам қорының 80 пайызын өндіреді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті Вашингтон үшін стратегиялық мәнге ие.
Келісімге қол қойған жауапты адамдар да ерекше назарда. Қазақстан тарапынан құжатқа «Тау-Кен Самұрық» басқарма төрағасы Нариман Әбсеметов, ал америкалық тараптан Cove Capital бас директоры Пини Алтхаус қол қойды. Бұл қадам екі елдің 7 қарашада бекіткен «критикалық минералдар саласындағы серіктестік туралы меморандумның» алғашқы нақты іске асуы болып отыр.
Ресми мәліметтерге қарағанда, жоба іске қосылған жағдайда, өндіріс толық қуатына шыққанда жылына ондаған мың тонна концентрат шығарылмақ. Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция көлемі жүздеген миллион долларды құрауы мүмкін. Сонымен қатар, қазақстандық мамандардың қатысуымен жергілікті кадрларды оқыту бағдарламасы және экологиялық стандарттарды сақтау жүйесі енгізілетіні айтылды.
Кейбір сарапшылар бұл келісімді Қазақстанның жаңа «шикізаттық серіктестік дәуірінің» бастамасы деп бағалап отыр. Өйткені мұндай жобалар тек экономикалық емес, саяси тәуелділік өлшемін де қалыптастырады. АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық текетірес аясында Қазақстан сирек металдар нарығында «теңгерім саясатын» ұстануға мәжбүр. Бұл ретте Тоқаевтың сапарының нәтижесі елдің минералдық ресурстарын кім және қалай игеретіні тұрғысынан айрықша мәнге ие.
Жалпы алғанда, бұл келісім – экономикалық жоба ғана емес, геосаяси шахматтағы жаңа жүріс. Қазақстан байлығының шетелдік инвесторларға ашылуы елге жаңа мүмкіндіктер әкелуі мүмкін, бірақ бұл ойынның өз тәуекелдері де жоқ емес.
ВОЛЬФРАМ ҚАНДАЙ МЕТАЛ. АЛПАУЫТ ЕЛ ОҒАН НЕГЕ ҚҰШТАР
Вольфрам — жер бетіндегі ең ауыр және ең төзімді металдардың бірі. Оның атауы швед тілінен аударғанда «қасқыр тасы» (wolf + rahm) дегенді білдіреді. Бұл атау XVII ғасырда металдың ерекше қасиеттерін байқаған еуропалық алхимиктерден қалған. Вольфрамның символы – W, атомдық нөмірі – 74, ал балқу температурасы 3422°C, бұл барлық металдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Яғни, ол балқымайтын, сынбайтын және ыдырамайтын қасиетімен ерекшеленеді.
Адамзат бұл металды алғаш рет XVIII ғасырдың соңында – 1783 жылы Испанияда ағайынды Хуан мен Фаусто Эльюяр ашқан. Содан бері вольфрам ауыр өнеркәсіптің ажырамас бөлігіне айналды. XIX ғасырдың аяғында электр шамдарының жібін жасау үшін пайдаланылды. XX ғасырда ол әскери-өнеркәсіптік кешеннің стратегиялық материалына айналды.

Бүгінгі таңда вольфрам қорғаныс, энергетика, машина жасау және ғарыш саласында негізгі рөл атқарады. Оның жоғары тығыздығы мен қаттылығының арқасында ол бронды снарядтар, танк оқтары, зымыран бастиектері, сондай-ақ жылуға төзімді қозғалтқыш бөлшектері мен турбиналық пышақтарда қолданылады. Вольфрам қоспалары болатты бірнеше есе қатайтады – сондықтан ол танк сауыттары мен ұшақ корпустарының беріктігін арттыру үшін таптырмас материал.
АҚШ бұл металға жайдан жай қызығып отырған жоқ. Пентагон вольфрамды «қорғаныс саласының ең маңызды стратегиялық элементтерінің бірі» деп санайды. Соңғы онжылдықта АҚШ өз қажеттілігінің 50 пайыздан астамын Қытайдан импорттап келген. Ал Қытай үнемі экспорттық шектеулер енгізіп, стратегиялық ресурстарды «экономикалық қару» ретінде қолданады. Сондықтан Вашингтон соңғы жылдары сирек және стратегиялық металдардың альтернативті көздерін іздеуге кіріскен. Қазақстан – сол ізденістің басты нысаны.
Америкалық сарапшылардың пікірінше, вольфрам алдағы онжылдықта жаңа буын қару-жарақ жүйелерінде кеңінен қолданылмақ. Мәселен, гипердыбыстық қарулар, дрондарға арналған бағыттаушы жүйелер, лазерлік қару жүйелері және жоғары температуралы ядролық реактор компоненттері вольфрамсыз жасалмайды. Сонымен қатар, метал радиацияға төзімді материал ретінде атом энергетикасында да ерекше сұранысқа ие.
Бұған қоса, АҚШ Қорғаныс министрлігі мен NASA кейінгі жылдары вольфрамнан ғарыш кемелерінің қозғалтқыш элементтерін және Жер орбитасындағы қорғаныс спутниктерінің қалқандарын жасауда сынақтар жүргізіп келеді. Себебі бұл метал ғарыштағы экстремалды температураға төтеп бере алады.
Қазақстан үшін де бұл металдың маңызы зор. Геологтардың бағалауынша, ел аумағында бірнеше ондаған ірі және орта көлемді вольфрам кен орындары бар, соның ішінде Қарағанды, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары ерекше назарда. Кеңес дәуірінде Қазақстан вольфрам өндірісі бойынша әлемнің алдыңғы үштігіне кірген. Бірақ 1990 жылдардағы экономикалық дағдарыстан кейін көптеген кен орындары жабылып қалған.
Қазір бұл сала қайта жандана бастады. АҚШ-пен жасалған жаңа келісім Қазақстанның геологиялық әлеуетін қайта бағалауға, әрі әлемдік вольфрам нарығына қайта оралуына мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен сарапшылар бір жайтқа алаңдайды – егер өндіріс толық бақылаусыз шетелдік үлеске өтсе, Қазақстан өз байлығын тек “шикізат жеткізуші” деңгейінде ғана пайдаланып қалуы мүмкін. Сондықтан, вольфрам – тек метал емес, әлемдік саясаттың маңызды құралына айналған элемент. Оның кімнің қолында екені — энергетикалық қауіпсіздік пен әскери артықшылықтың мәселесі.
КІМДЕ ҚАНША ВОЛЬФРАМ БАР
Энергетика саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов әлемдегі вольфрам қоры мен Қазақстанның нақты әлеуеті туралы қызықты деректер келтіреді. Оның жазбасына сүйенсек, ресми мәліметтерге қарағанда, әлемде бұл металдың негізгі қоры төмендегідей бөлінеді. Вольфрам қоры ең көп бес ел:
- Қытай — 2,4 млн тонна
- Австралия — 570 мың тонна
- Ресей — 400 мың тонна
- Вьетнам — 140 мың тонна
- Испания — 66 мың тонна
Сарапшының айтуынша, Қазақтан бұл тізімде мүлде жоқ. АҚШ-тың Геологиялық қызметі (USGS) келтірген бұл мәліметтер – қазіргі таңда әлем бойынша ең сенімді әрі жиі пайдаланылатын ресми дереккөз болып саналады.

«Иә, егер дәл осы деректерге сүйенсек, Қазақстан мүлде аталмайды. Бірақ мен бұл мәселеге басқаша қараймын. Бұл деректер ескі және толыққанды емес», – дейді Жұмағұлов.
Оның айтуынша, жоғарыдағы кесте бұрынғы «Қазгеология» ұлттық компаниясының (қазір таратылған) ескі презентациясынан алынған. Ал шын мәнінде, Қазақстанда вольфрам қоры әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та 2022 жылғы 24 шілдеде Сауд Арабиясына сапары барысында мәлімдеген. Сол кезде Мемлекет басшысы Қазақстанның вольфрам қоры бойынша әлемде бірінші орында екенін атап өткен болатын.
Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, басты мәселе – еліміздегі геологиялық деректер мен карталардың жабықтығында. Бұрынғы жылдары көптеген пайдалы қазбалар тұрақты өндірістік лицензия (ТПИ) арқылы жеке компанияларға «жаппай» таратылып кеткен. Соның салдарынан, бүгінгі таңда елдің нақты минералдық қоры туралы біртұтас және ашық картина жоқ.
Мысал ретінде сарапшы Қытайдың Jiaxin компаниясын келтіреді. Бұл компания Алматы облысындағы Бұғыты вольфрам кен орнын делдалдар арқылы сатып алған. Кейін IPO өткізіп, яғни қор нарығына шығып, өзінің капитализациясын 3,3 есе арттырған. Бұғыты жобасы бастапқыда 350 млн доллар деп бағаланған, бірақ IPO-дан кейін компанияның нарықтық құны 1 млрд доллардан асып кеткен.
«Бұл жағдай Италияның ENI компаниясының Қашаған жобасында болған оқиғамен ұқсас: компания кен өндіре бастағанға дейін-ақ миллиардтап пайда тапқан», – дейді Жұмағұлов.
Ол сондай-ақ Қазақстандағы вольфрам қоры ресми бағалаудан әлдеқайда көп болуы ықтимал екенін айтады. Қытай инвесторларының есептеу әдісі өзгеше – олар жаңа технологияларды енгізу арқылы кеннен алынатын пайдалы көлемді бірнеше есеге ұлғайта алады.
Мысалы, жуырда қытайлық компания Болат Өтемұратовтан «Райгородок» алтын кен орнын сатып алған соң, өз бағалауынша, сол жердегі шығарылатын алтын қоры айтарлықтай көп екенін мәлімдеген. Бұл – тек алтын емес, басқа да стратегиялық металдарға қатысты болуы мүмкін тенденция.
Жұмағұловтың пайымынша, Қазақстанның вольфрам әлеуеті халықаралық сарапшылар күткеннен де жоғары болуы ықтимал. Бірақ нақты көлем мен сапаны анықтау үшін геологиялық деректерді ашу және барлау жүйесін цифрландыру қажет. Әйтпесе, шетелдік ойыншылар ішкі ақпаратқа ертерек қол жеткізіп, ұлттық байлықтың басты бенефициарларына айналуы ғажап емес.