Ербаян Мұхтар Түркияда емнің келесі кезеңін аяқтап, Астанаға оралды

Адвокат Инга Иманбай әскерде жарақат алған Ербаян Мұхтардың елге оралғанын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Инга Иманбайдың жазуынша, Ербаянның қазіргі жағдайы тұрақты. Дәрігерлер ем толық әсер етуі үшін кемінде 3 ай уақыт қажет екенін айтқан. Сол себепті үш айдан кейін Ербаян қайтадан Ыстамбұлға барып, емнің реабилитациялық бөлігін жалғастырады.
“Ербаянның ата-анасы және заңды өкілі ретінде барлық қолдау білдірген жандарға алғыс айтамыз. Бұл жолы да халықтың қолдауының, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, ұшу мәселесін шешуге көмектескен генерал Қайрат Үмбетовтың арқасында шетелдік емге мүмкіндік туды. Екі рет шетелде ем алу – үлкен еңбек пен жанашырлықтың нәтижесі. Алайда жарақатының ауырлығына байланысты өзгеріс бірден байқалмай отыр. Бұл – дәрігерлер күтетін де, біз түсінетін де процесс. Соған қарамастан, Ербаян өзіне лайықты өмір сүру үшін күресіп жатыр. Оған осы жолда сіздердің қолдауларыңыз күш беріп келеді. Рақмет! Әр қайырымды қолдау – Ербаян үшін үміт”, – дейді Инга Иманбай.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
ЕРБАЯН МҰХТАРДЫҢ ІСІ
Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған.
Әскери бөлім “сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды” деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.
Ербаян Мұхтарды ата-анасы былтыр қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кеткен. Биыл қаңтарда ол Қазақстанға қайтты. Заңды өкілінің хабарлауынша, Стамбұлда оның басына ота жасалып, инфекциядан толық арылған, бұдан бөлек, салмақ қосып, роботтың көмегімен қимылдай бастаған, өзі аздап тамақ ішетін жағдайға келген.