ЕрекшеЭкономика

Қазақстанның жүк көлігі жүргізушілеріне Қытайға кіруге шектеусіз рұқсат беріледі

Бұған дейін рұқсат бланкілері тапшылығынан тасымалдаушылар шекарада кептеліске тап болған еді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

КЕЛІССӨЗДЕРГЕ КІМДЕР ҚАТЫСТЫ

Енді бұл мәселе түбегейлі шешілмек. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдан бастап Қытай алысқа қатынайтын жүргізушілерге шекарадан өтуге арналған рұқсат бланкілерін шектеусіз бермек.

Бұл келісім 5-6 қараша күндері «Хоргос» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығында өткен қазақстандық және қытайлық тараптар кездесуінде жасалды. Келіссөздерге Қазақстаннан Көлік министрлігімен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті, Халық банкі, Ақпараттық-есеп орталығы және Тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

«Электрондық кезек жүйесі арқылы Қытай Халық Республикасына кіретін барлық көлік құралына, егер олар бұған дейін Қытай заңнамасын бұзбаса, рұқсат бланкілері автоматты түрде беріледі», – деп хабарлады ҚР Көлік министрлігі.

ҚЫТАЙ БЛАНКІ ЖЕТКІЗУГЕ МІНДЕТТЕЛДІ

Сонымен қатар Қытай тарапы 6-12 қазан аралығында Қазақстанға 15 мың рұқсат бланкісін жеткізуге міндеттелді. Осы кезең ішінде қазақстандық тасымалдаушылардың орташа тәуліктік қажеттілігі нақтыланбақ.

«Алынған деректер негізінде кейін рұқсат бланкілерін күн сайын беру жүйесі жолға қойылады», – деп нақтылады министрлік өкілдері.

Өткен жылы қазақстандық тасымалдаушылар 228 мың рұқсат бланкін пайдаланған. Ал биыл бұл көрсеткіш 230 мыңнан асып кеткен. Бұған дейін бланкі тапшылығы салдарынан шекарада жүк көліктері ұзақ уақыт бойы кідіріп, кептелістер туындаған болатын.

Back to top button