БілімЕрекше

Қазақстан ҰБТ-ны түбегейлі жаңартуға кірісіп жатыр

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен білім беру және таланттарды дамыту саласындағы халықаралық ұйым ETS стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Бұл ынтымақтастықтың басты мақсаты Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) жаңғырту және оны қазіргі заман талаптарына сай, халықаралық деңгейдегі бағалау жүйесіне айналдыру, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

“БОЛАШАҚ ҮШІН БЕТБҰРЫС”

Министрліктің баспасөз қызметі мәліметінше, соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы ҰБТ елімізде жоғары оқу орындарына түсу процесінің өзегіне айналды. Бұл жүйе барлық дерлік студентке бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етіп келеді. Енді ETS ұйымының білімді бағалау және тестілеу саласындағы жаһандық тәжірибесіне сүйене отырып, ҰБТ форматы жаңаша сипат алады. Ол тек академиялық білім деңгейін ғана емес, өмір мен кәсіби салада табысқа жетуге қажет негізгі дағдыларды да бағалайтын болады.

«Бұл серіктестік – Қазақстанның болашағы үшін маңызды бетбұрыс. ETS-пен ынтымақтастық және олардың білімді бағалау саласындағы әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы біз жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашамыз, басқа елдерге үлгі боларлық жүйе қалыптастырамыз. Университеттер мен мектептермен тізе қосып, жоғары оқу орындарына түсуге арналған бәсекеге қабілетті тетік жасап жатырмыз. Бұл студенттердің әлеуетін толық ашып, қоғамды нығайтуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.

Жаңа бағалау үлгісін енгізу Қазақстан үшін бірқатар артықшылық береді. Дағдыға бағытталған тестілердің әзірленуі студенттердің жаһандық еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді игеруіне жол ашады. Бұл жаңа буынның кәсіби тұрғыда табысты болуына ықпал етеді.  Модернизацияланған ҰБТ үлгісі барлық талапкер үшін әділдік пен тең мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Жүйеде бірыңғай бағалау өлшемдері және өңірге, мектепке немесе оқыту тіліне қарамастан бірдей қолжетімділік қарастырылған.

«ETS үшін Қазақстанмен бірлесіп, өз тәжірибемізді және жаһандық көзқарасымызды енгізуге мүмкіндік алу зор мақтаныш. Бұл ынтымақтастық түрлі елдердің күш біріктіруі арқылы білім сапасын арттыруға және жаңа мүмкіндіктер ашуға болатынын дәлелдейді», – деді ETS компаниясының бас директоры Амит Севак.

ETS ұсынған инновациялық тәсіл жасанды интеллект, ғылыми негізді бағалау әдістері және халықаралық білім алмасу тәжірибесіне сүйенеді. Ұйым тестілеу жүйесінің сапасы мен ашықтығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдерді енгізбек.

ТАРАПТАР НЕ НӘРСЕГЕ УАҒДАЛАСТЫ

Барлық тестілер заманауи психометриялық әдістер негізінде әзірленіп, олардың ғылыми дәлдігін және студенттер мен жоғары оқу орындары тарапынан мойындалуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қазақстандық мамандар ETS зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтіп, білімді бағалау мен жасанды интеллект саласында бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асырмақ.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ETS жаңартылған ҰБТ студенттер, оқытушылар және университеттер мүддесіне сай келуін қамтамасыз етуге уағдаласты. Реформа кезеңінде ашықтық пен айқындық қағидаттары сақталып, барлық мүдделі тараптарға алдағы өзгерістер туралы уақтылы ақпарат берілмек.

Анықтама үшін: ETS (Educational Testing Service) — білім беру және дағдыларды бағалау саласындағы әлемдегі ең ірі ұйымдардың бірі. Ол TOEFL, TOEIC, GRE, Praxis және Futurenav секілді халықаралық емтихандар мен бағалау жүйелерін әзірлейді. ETS 200-ден астам елде жұмыс істейді және жыл сайын 50 миллионнан астам адамның білім мен қабілетін бағалауға көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін Вашингтонда өткен «C5+1 он жылдығы» атты іскерлік конференция аясында Қазақстанның білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылған. Олардың қатарында Arizona State University, Colorado School of Mines, Coursera, OpenAI, Freedom Group Inc. және өзге де серіктестермен жасалған келісімдер бар.

Back to top button