Автолизингті неге жаңа автонесиеге айналдырғалы отырсыздар – Құспеков Үкіметті сынға алды

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков үкіметті жеке тұлғаларға арналған лизингті жаңа автонесиеге айналдырмақ болып отыр деп сынға алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Жеке тұлғаларға лизинг енгізу мәселесіне арналған жұмыс кездесуінде Сауда және интеграция министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен нарық өкілдері қатысқан. Сол жиында депутат мемлекеттік органдардың Президент тапсырмасының мәнін бұрмалап отыр деген. Талқы барысында Олжас Құспеков жариялы түсіндірулерде шамамен 45% қымбаттау көрсеткіші айтылғанын атап өтті. Бұл физикалық тұлғаларға арналған лизингтің мәнін толықтай өзгертіп, бастаманың бастапқы мақсаттарына қайшы келеді.
«Президент жеке тұлғаларға арналған лизингті жедел енгізу жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл тапсырма есеп үшін емес, адамдар үшін берілді. Бүгінде көп азамат отбасын асырау үшін көлікті несиеге немесе жалға алып жүр», – дейді Олжас Құспеков.
Депутаттың айтуынша, бұл бастама 2023 жылы көтерілген. Мақсат – азаматтарға автонесиесіз, жоғары пайызсыз, бастапқы жарнасыз көлік алу мүмкіндігін беру. Сондай-ақ ол ай сайынғы төлемнің құрамына нақты қандай шығындар кіретінін егжей-тегжейлі көрсету қажеттілігіне назар аударды. Бұл сақтандыру, техникалық байқау және қызмет көрсету шығындарының азаматтардың өз мойнына жүктелмеуі үшін маңызды екенін атап өтті.
«Журналистер орынды сұрақ қойды: бастапқы жарна бола ма, пайыз қандай, бұл автонесиеден несімен өзгеше? Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар ескі жүйені жаңа атаумен ұсынбақ. «Лизинг» деп әдемі атағанымен, шын мәнінде сол бұрынғы автонесиенің өзі», – деді депутат.
Оның пікірінше, жеке тұлғаларға арналған лизинг банктердің мүддесін емес, халықтың жағдайын ойлауы тиіс. Бұл – әлеуметтік құрал. Ол ашық, әділ және қолжетімді болуы керек.
«Мен жиі такси жүргізушілерімен сөйлесемін. Олардың жартысы көлікті жалға алады. Тек отбасын асырау үшін күніне 12 сағат жұмыс істейді. Бұл идея осы әңгімелерден кейін пайда болды. Егер біз сол адамдарды қайтадан қарызға батыратын болсақ, онда бұл бастаманың мәні қайда?
Егер лизинг бастапқы жарнамен және пайыздық мөлшерлемемен берілсе, бұл реформа емес, ұғымды бұрмалау ғана. Ал егер мемлекеттік органдар Президент тапсырмасын мәні бойынша емес, тек түрі бойынша орындаса – бұл азаматтардың мүддесіне қарсы әрекет. Бізге жалған прогресс емес, адамдарға көлік иесі болуға мүмкіндік беретін нақты шешімдер қажет», – дейді Құспеков.
АВТОЛИЗИНГ БАҒДАРЛАМАСЫ
1 желтоқсаннан Қазақстанда азаматтарға арналған автолизинг бағдарламасы іске қосылады. Үкімет автолизингті ішкі сұранысты ынталандыратын және отандық автокөлік өндірісін қолдайтын құрал ретінде қарастырады. Бұған дейін де жеңілдетілген автонесие мен өндірушілерді қаржыландыру бағдарламасы іске асқан болатын.