
«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның үндеуі адвокаты Анар Құсайынованың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Үндеуінде Алмасбек Садырбай бір жыл бойы қамауда отырғанын атап өтті.
«Менің ойымша, істі әділеттілікке тек Сіз жеткізе аласыз. Бұл жай ғана үндеу емес, назар аударту әрекесі де емес. Бұл — үмітсіздіктің салдары, заңды жолмен әрекет етуге бірнеше рет жасаған талпыныстарымның нәтижесі, алайда кейбір адамдар заң нормаларын толық елемейді. Мен үнсіз қалдым, шыдап келдім, бір жыл бойы оң өзгеріс болар деп үміттендім. Он рет этаппен жіберді – әр этап ауыр сынаққа айналды. Көп жылдық тәжірибесі бар адвокатым Анар Құсайынованың айтуынша, мұндай этап саны – рекордтық көрсеткіш. Сотқа дейінгі тергеу кезеңінің соңғы күнінде, қамауда болу мерзімі аяқталған кезде, ведомствоаралық тергеу-бақылау тобы жаңа баптарды қосты – «ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу» және «мүлікті заңдастыру» баптарын айтам. Бұл баптар менің қамауда қалуымды бір жылға ұзартты. Мені тек қана қамауда ұстау үшін жасалған қасақана әрекет болды. Менің ойымша, бұл жағдайдың себебі – менің қоғамдық қызметім», – деп жазды Садырбай.
Алмасбек Садырбай кейінгі жылдары Қазақстандағы шағын және орта фермерлердің мүддесін қорғаумен айналысқанын, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтергенін және ауыл шаруашылығы саласындағы олигархиялық құрылымдардың министрлікте қабылданатын шешімдерге қысымын сынға алғанын айтты.
«Мен әрдайым адалдық пен ашықтықты, ауылды тұрақты дамыту мен елдің азық-түлік тәуелсіздігін қолдадым. 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде менің ұйымым — «Шопан-Ата» мал шаруашылығы қауымдастығының мүшелері ел бойынша әкімдіктер, ауруханалар мен қоғамдық тәртіпті қорғады. Біз тұрақтылық пен Жаңа, Әділ Қазақстан идеясының жағында болдық. Мен қамауға алынғаннан кейін Алматы облыстық прокуратурасы БАҚ арқылы менде «Алматы қаласында 6 элиталық пәтер бар» деген жалған ақпарат таратты. Бұл өтірік – менде ешқашан ондай пәтерлер болған емес, әсіресе Алматыда. Мұндай жарияланымдардың мақсаты – қоғамды адастыру, менің беделімді түсіру, адамдарды маған қарсы қарату және Президенттің менің дауысымды естімеуіне жағдай жасау деп санаймын. Қонаев қаласындағы санкциялық соттар, менің ойымша, тергеу органдары мен прокуратураға толық тәуелді», — деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Садырбай өз құқығы бірнеше рет бұзылғанын айтты. Сөзінше, сот шешімдері оған берілмеген, отырыс күні туралы сирек хабарланған. Тергеуші судьяларды көбінесе прокуратура шатастырған. Ол қылмыстық істің материалдарымен танысып жатқанын, және осы кезеңде көптеген заңбұзушылықтар, біржақты қараулар, тергеудің толық еместігі және айыптаушылық көңіл-күй анық көрінетінін атап өтті.
«Істе менің кінәмді растайтын бірде-бір факт жоқ. Сонымен қатар, 730 күннен астам бақылау, тыңдау және хат алмасуларды талдауды қамтыған жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары да қаралды – онда да менің заңсыз әрекетім анықталған жоқ. 2024 жылы менің үстімнен ІІМ арқылы үш қылмыстық істі қозғауға әрекет жасалды. Алайда олардың бәрі тоқтатылды – ІІМ қызметкерлерінің адалдығы мен кәсібилігіне лайық. Қазіргі іс 2024 жылғы төртінші іс болды. Менің ойымша, іс материалдарын тексеру мен бағалау қазіргі тергеумен байланысты емес, тәуелсіз құрылымдар арқылы, Алматы облысының юрисдикциясы мен аумағынан тыс жүргізілуі тиіс. Мен әділеттілік сұраймын. Конституцияның кепілі ретінде Сізден араласуды және ісімді объективті қарауды қамтамасыз етуді сұраймын. Мен рақымшылық сұрап тұрған жоқпын. Шындықты айтуға қақым бар – соны сұраймын», — деді Алмасбек Садырбай.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ
2025 жылдың қаңтарында Гиперборей арнасында Алмасбек Садырбайдың уақытша оқшаулағыштан жариялаған видеосы пайда болған еді. Онда Садырбай «мен мұнда не үшін отырғанымды білмеймін, сот әділетті шешім қабылдар деген сенімдемін, мен тергеу амалдарының бәрінде серіктесуге дайынмын, маған қорғануға, адал атымды қорғауға мүмкіндік беріңіздер, басқа ештеңе керек емес» дейді Садырбай
Алмасбек Садырбай 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Былтырдан бері оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.
Биыл мамыр айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Алмасбек Садырбайдың ісін прокурорлардың өздері тергеп жатқанын мәлімдеген.
Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде А.Садырбайдың Орталық Азия университетін «экономика» мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбай Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарған.
Tizgin.kz порталының ресми сауалына берген жауабында прокуратура Алмасбек Садырбайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс тергеліп біткенін хабарлаған еді.