Алаяқтарға алданған азаматтардың несиесін енді банктердің өздері төлейді
Қазақстандағы тың өзгерістерге сәйкес, алаяқтарға алданған азаматтардың несиесін банктердің өздері төлейді. Бұл туралы Tizgin.kz порталына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты.
ӘБІЛҚАСЫМОВА НЕ ДЕЙДІ
Мадина Әбілқасымованың айтуынша, биыл жазда жаңа заң қабылданған, ол 30 қыркүйекте күшіне енген.
“Жаңа нормалар қандай? Соттан тыс және сотпен шешу тәртібі бекітілді. Соттан тыс тәртіп бойынша, биометрия жоқ болса, азаматтар өздігімен кредиттен бас тартса, ішкі істер органдары кредитпен алданған адам жәбірленуші деп таныса, банктер сот тәртібінен тыс сол қарыздан босатады. Ал сот тәртібі бойынша, үш жағдайда алданған адамдардың кредиті кешіріледі: бірінішіден, алаяқтар заңсыз жолмен сіздің жеке мәліметтеріңізге қол жеткізсе, екінші жағдайда банк сіздің биометрияңызды дұрыс жүргізбесе, үшіншіден антифрод процедурасы бұзылған жағдайда… Осы үш жағдай кредиттен босатуға негіз бола алады”, – дейді Мадина Әбілқасымова.
Агенттік басшысының айтуынша, десе де азаматтар өздері биометриясын беріп, қолын қойған жағдайлар да көп.
“Оларды әлеуметтік инжиниңмен алдаған. Сондай санаттағы азаматтар үшін үшінші негізді арнайы айтып отырмын. Банктер өздері бақылауы керек еді. Норма енді ғана күшіне енді”, – дейді Мадина Әбілқасымова.
БАНК ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ
Еске сала кетейік, Мәжілісте банктер және банк қызметі туралы заң жобасы қаралды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова құжатты депутаттардың алдында қорғап жатыр. Оның сөзінше, қолданыстағы нормаларға ревизия және оңтайландыру жүргізіліп, банктерде корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау, төлемге қабілетсіз банктерді реттеу бойынша жаңа бөлімдер көзделген. Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске және 35 заңға түзету енгізіледі.