ЕрекшеҚоғам

Заңсыз ұтыс ойындарын өткізген блогер, әншілерге айыппұл салынды

Тізімде Нұрбек пен Әмина Нұртаза есімді блогерлер жұбы да бар, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

КОМИТЕТ ҰСЫНҒАН АҚПАРАТ

Қазақстанда жыл басталғалы 89 адам әлеуметтік желілерде заңсыз онлайн-лотерея ұйымдастырғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті өкілдері хабарлады.

Комитет заңсыз ұтыс ойындарын өткізген қазақстандықтардың тізімін жариялады. 2025 жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы (“Лотерея операторлары болып табылмайтын тұлғалардың лотерея өткізуі”) бойынша 89 адамға айыппұл салынған.

Айыппұл көлемі 393 мыңнан 1,1 миллион теңгеге дейін жетеді. Жазаға тартылғандар арасында шоу-бизнес өкілдері де бар: актерлер, блогерлер, продюсерлер мен әншілер. Атап айтқанда:

  • Актер Рамазан Амантай (@Ramantay, 788 мың жазылушы) – 100 АЕК немесе 393 200 теңге айыппұл;
  • Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқан (@Moldir.mt, 2,3 млн жазылушы) – 150 АЕК немесе 589 800 теңге айыппұл;
  • Әнші, блогер Мереке Қалбаева (@merekusha.k, 1,3 млн жазылушы) – 150 АЕК немесе 589 800 теңге айыппұл.

АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ

Тізімде Нұрбек Нұртаза (@justking31 – 7,4 млн жазылушы) және оның жұбайы Әмина Нұртаза (@aminaxo26 – 6,5 млн жазылушы) да бар.

Бұл жерде Нұрбек Нұртазаға – 300 АЕК немесе 1 179 600 теңге, Әмина Нұртазаға – 210 АЕК немесе 825 720 теңге көлемінде айыппұл салынған. Комитет олардың Алматыдағы екі қабатты үйді ұтысқа тіккені үшін жауапқа тартылғанын еске салды. Ұтысқа қатысу үшін пайдаланушыларға 29 990 теңге көлемінде “оқыту курстарының төлемін” енгізу ұсынылған.

Комитеттің түсіндіруінше, ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6 және 7-тармақтарына сай, лотерея операторлары емес тұлғаларға лотерея өткізгендері үшін:

  • жеке тұлғалар үшін – 100 АЕК,
  • шағын бизнес субъектілері үшін – 300 АЕК айыппұл салу көзделген.

Бір жыл ішінде қайталап өткізген жағдайда айыппұл мөлшері: жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлерге – 750 АЕК, сондай-ақ құқық бұзушылықтан түскен табысты тәркілеу қарастырылған.

МӘН-ЖАЙЫ

Қыркүйек айының ортасында Астана қаласының соты блогерлер Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік істі қараған.

Судья Акерке Бектұрғанова істі тоқтатып, онда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар екенін айтып, материалдарды Астана қалалық экономикалық тергеу департаментіне жолдады.

Жұбайлар Instagram арқылы ақша мен автокөлік ұтыстарын жиі өткізіп отырды. Қатысушылардан “Zhana Business” ЖШС-нің оқыту курстары үшін 30 мың теңге төлем жасауды талап еткен. Сот қатысушылар саны мен жиналған қаражат көлемін ескере отырып, бұл әрекетте заңсыз кәсіпкерлік белгілерін анықтаған.

Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанабыловқа қатысты іс ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6-бөлігі (“Лотерея операторлары болып саналмайтын тұлғалардың лотерея өткізуі”) бойынша қозғалған еді. Алайда комитет өкілі істі қылмыстық істер санатына өткізу жөнінде ұсыныс жасаған.

Тексеріс азаматтардың бірі комитетке жолдаған арыздан соң басталған. Ол әлеуметтік желілерде блогерлер өткізген ұтыс ойынының заңдылығын тексеруді сұраған. Кейінірек Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Back to top button