Автолизинг жүйесі 1 желтоқсанда іске қосылады – депутат
1 желтоқсаннан бастап Қазақстан азаматтары үшін автолизинг жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының мүшесі Олжас Құспеков Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ҚҰЖАТ ТАЛҚЫЛАУҒА ҰСЫНЫЛДЫ
Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы азаматтар үшін автокөлік қолжетімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес, жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен қатар, енді қазақстандықтар жеңіл автокөлікті лизинг шарты арқылы сатып алып, кейін оны толық меншігіне өткізуге немесе қайтарып беру мүмкіндігіне ие болады.
Аталған тетік Сауда және интеграция министрлігі тарапынан әзірленіп, ішкі сауда ережелеріне енгізілетін өзгерістер жобасына қосылды. Құжат қазіргі уақытта «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, автолизинг тетігін енгізу көлік сатып алу мүмкіндігін жақсартып қана қоймай, ішкі нарықтың дамуына серпін беріп, бәсекелестік ортаны нығайтады.
Қазір Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған қаржылық лизинг бағдарламасы кең тарап келеді. Ол дәстүрлі автонесиеге тиімді балама ретінде қарастырылып отыр.