Қазақстанда 70-тен астам ата-ана күнде жазаға тартылып жүр
Жыл басынан бері 21,8 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Мәлім болғандай, Қазақстанда күн сайын 76 ата-ана бала тәрбиелеу жөніндегі өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жазаға тартылады. Бұл деректерді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жамбыл облысында өткен көшпелі жиында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, тәулігіне 395 ата-ана өз баласының түнгі уақытта үйде болуын қадағаламайды.
Бұл көрсеткіштер – баланың ата-анасының назарынан тыс қалып отырғанының айқын белгісі. Ата-аналармен жұмыс істеуде ерекше тәсіл қажет. Мониторинг нәтижесі олардың педагогикалық қолдау орталықтарының жұмысына қатысу белсенділігі төмен екенін көрсетті, – деді Сүлейменова.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, жыл басынан бері 21,8 мыңнан астам ата-ана бала тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал түнгі уақытта балаларының үйден тыс жүруіне жол берген 107 мыңнан астам ата-анаға шара қолданылған.