Зайсаннан Қытай мен Моңғолияға ұшақ ұшыру шығынды ақтамайды – Бектенов
Үкімет Зайсан – Баян-Өлгей және Зайсан – Үрімші авиамаршруттарын ашу бастамасы экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
ҰСЫНЫС ҚАЙДАН ЖОЛДАНДЫ
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Ұлықбек Тұмашинов аталған бағытта әуе рейсін ашуға болатынын айтып, Үкіметке ұсыныс жолдаған. Алайда Олжас Бектенов бұл бастамаға әзірге қолдау білдіре қоймады.
БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ
“2012 жылдан бері елімізде ішкі авиатасымалдар нарығындағы барлық шектеу алып тасталған. Тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсаты бар қазақстандық әрбір авиакомпания сұранысқа сәйкес еліміздегі кез келген ішкі маршрутта тұрақты рейстерді орындауға құқылы. Ал Зайсан – Баян-Өлгей және Зайсан – Үрімші авиамаршруттарының әлеуетін зерттеу мақсатында отандық авиатасымалдаушылармен алдын ала кеңестер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша көрсетілген маршруттарды іске қосу жоспарланбайды, себебі болжамды коммерциялық жүктеме жеткіліксіз болғандықтан, экономикалық орындылық қамтамасыз етілмейді”, – дейді Бектенов оған берген жауабында.

Аталған жұмыс жолаушылар легін бағалау қажеттігін, Зайсан, Катонқарағай әуежайларының инфрақұрылымдық тұрғыдан әзірлігін ескере отырып, сондай-ақ халық тарапынан авиатасымалға сұраныс болса, субсидиялауды пайдалану мүмкіндігі кейін қайта қаралады.