Мәсімовтің самурай қылышы аукционда сатылды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің қылышы аукционда сатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
БАҒАСЫ 500 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН АСТЫ
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚУВА) тағы да тәркіленген мүлікті сатуға талпынып көрді. 4 қараша күні электронды сауда алаңына жалпы құны 520 миллион теңгеден асатын 42 сән-салтанат бұйымы қойылды. Олардың қатарында қымбат сағаттар, зергерлік әшекейлер мен аксессуарлар бар еді.
Алайда болаттан жасалып, сабына геометриялық өрнек бедерленген қыны бар самурай қылыш қана өтті. Бағасы 542,7 мың теңге болды. Аталған зат бұған дейін ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Карим Мәсімовтің астаналық зәулім үйінен тәркіленген болатын.
ӨТКЕН АЙДА ЖЕТІ БҰЙЫМ САТЫЛДЫ
Ал Patek Philippe пен Harry Winston сағаттары, Van Cleef & Arpels және DE BEERS зергерлік бұйымдарына сұраныс болмады.
Өткен айда қайтарылған активтерді басқару компаниясы басқа аукционда Мәсімов резиденциясынан тәркіленген жеті бұйымды сатып, 3,5 миллион теңге тапқан еді. Сол кезде бірнеше қылыш пен қанжар, күміс қаламсаптар (Montegrappa, Visconti), сондай-ақ «Алма отаны», «Бәйтерек» және «Қазақстан картасы» серияларындағы коллекциялық монеталар сатылған.
Еске сала кетейік, Астанадағы Кәрім Мәсімовтің үйін тінту кезінде қару-жарақ, антиквариат, алтын құймалар, картиналар, сағаттар және миллиондаған доллар көлеміндегі қолма-қол ақша табылған болатын. Аумағы 2,9 мың шаршы метр болатын зәулім үйде бассейн, сауна, караоке, дискобар мен шағын сахна болған. Ал ауласында бизнес-класс санатындағы 11 көлік тұрған. Бұл мүлік 1,5 миллиард теңге деп бағаланған.