«Жамандықты тез тауып аламыз»: Садырбайдың тергелуі жайлы сұрақ Сапаровтың шамына тиді

Үкіметтің баспасөз мәслихатында бүгін журналистердің бірі ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа қамаудағы Алмасбек Садырбай жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әуелі бір кездері Қазақстандағы агросалада аты танылған байлардың Қазақстан президентіне алғыс хат жолдауы жайлы сұрақ қойылды. Сапаров бұл алғыс хаттың жолдануына өзінің түк қатысы жоқтығын айтты.
“Сіз Алмасбек Садырбайдың (белгілі қоғам белсендісі, қазір қамауда) ауыл шаруашылығы саласына қатысты айтқан кемшіліктерімен келісесіз бе?» деп сұрады журналист.
Бұл сұраққа жауап берген Айдарбек Сапаров “бір күн де шаруашылықты еңбек етпеген, салаға үлес қоспаған сарапшылар солай айта береді” деді.
“Бүгінгі таңда шаруашылықтардың 80 пайызы жұмыстарын істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы оңай сала емес. Оның артында 24 сағат жүру керек. Біз де, сіз де ауылдан шыққан адамдармыз. Сол малды бақтық. Сондықтан ауыл шаруашылығы оңай сала емес. Шаруашылықтарға ризашылымызды білдіреміз. Екі жылдан бері өз көрсеткіштерін көрсетіп жатыр”, – дейді ол.
Айдарбек Сапаровтың сөзінше, мемлекет қолдауы болмаса оларға қиын болады.
“Президенттің тапсырмасы орындалып, оның орындалуына Үкімет үлесін қосып жатыр. Жамандықты тез тауып аламыз, жақсылықты айтқымыз келмейді. 1 трлн теңге қолдау ауыл шаруашылығына қашан болып еді? Болмаған! 2022 жылы 70 млрд теңге ғана болған. Болғанның арқасында шаруашылықтар жұмыстарын жасап жатыр. Агротехнологияны сақтау үшін қаржы керек. Тұқымды, минералды тыңайтқыштарды, гербицидтерді уақытында алу керек. Қазір қаржыны қазан айынан бергеннен кейін бүгін де шаруашылықтарын жүргізіп, саймандарын алып жатыр. 30-40 пайыздық жеңілдікпен алады. Бұл үлкен қолдау. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің жұмысын айта білу керек. Шаруашылықтар оны өздері айтсын”, – дейді ол.
Журналист екінші сұрағын “Алмасбек Садырбайдың ұсталуына сіздің үлесіңіз бар ма?” деп тіке қойған. Бұл сауалға жауап берген Сапаров эмоцияға берілгендей болды
“Біреудің әңгімесін естіп, “үлес қостыңыз ба?” деген не сұрақ? Әркім өзіне жауап береді. Біз ол жерде ешқандай “үлес қосып”, біреуді жамандауға міндетіміз де жоқ. Есіңізде болсын. Әркім өзінің жауапкершілігін мойнына тартады”, – дейді Сапаров.
2025 жылдың қаңтарында Гиперборей арнасында Алмасбек Садырбайдың уақытша оқшаулағыштан жариялаған видеосы пайда болған еді. Онда Садырбай «мен мұнда не үшін отырғанымды білмеймін, сот әділетті шешім қабылдар деген сенімдемін, мен тергеу амалдарының бәрінде серіктесуге дайынмын, маған қорғануға, адал атымды қорғауға мүмкіндік беріңіздер, басқа ештеңе керек емес» дейді Садырбай
Алмасбек Садырбай 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Былтырдан бері оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.
Биыл мамыр айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Алмасбек Садырбайдың ісін прокурорлардың өздері тергеп жатқанын мәлімдеген.
Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде А.Садырбайдың Орталық Азия университетін «экономика» мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбай Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарған.
Tizgin.kz порталының ресми сауалына берген жауабында прокуратура Алмасбек Садырбайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс тергеліп біткенін хабарлаған еді.