ЕрекшеЖаңалықтар

Астық жинаудан рекорд жасаған диқандарға Бектенов екі рет алғыс айтты

Үкімет басшысы Олжас Бектенов астық жинаудан рекорд жасаған диқандарға екі рет алғыс айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

САПАРОВ НЕ ДЕЙДІ

Үкімет отырысы барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бүгінгі таңда республика бойынша астық жинау толығымен аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, 16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділікпен 27 млн тонна астық қамбаға құйылған. Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылған – бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп.

“Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артты. Бұл озық агротехнологиялардың тиімділігін тағы да дәлелдейді. 4 млн тоннаға жуық арпа жиналды. Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жетті. Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4,3 млн тонна жиналды және егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта жинау жұмыстары аяқталды. Тамшылатып суаруды қолдану арқасында кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды. Жалпы алғанда, орташа өнімділік 30 ц/га деңгейінде қалыптасып, 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға көп (бағасы 250 мың тенге)”, – дейді Сапаров.

Қазақстанда дәнді және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының рекордтық өнімі жиналды. Сапаров аяқталған маусым ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсімін көрсеткенін атап өтеді. 

«Биыл тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақты және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық жыл болды. Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды», – деді Айдарбек Сапаров.

БЕКТЕНОВТІҢ АЛҒЫСЫ

Үкімет басшысы Олжас Бектенов мемлекеттің қолдауының арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілгенін айтады.

«Егіншілерімізге  қажырлы әрі адал еңбектері үшін  ризашылығымды білдіремін.  Көріп отырғандай,  жер жағдайы мен қолайлы ауа райы ғана емес,  агротехнологияларды толық сақтау  үлкен табысқа жеткізеді. Диқандар  қомақты көлемде минералды тыңайтқыштар қолданды. Сапалы тұқым сеуіп,  техника паркін жаңартып тұрады. Дұрыс агротехнология – жақсы егіннің кепілі. Сонда ғана біздің өнімдеріміз  экспорттық нарықтарда  бәсекеге қабілетті болады. Ендігі міндет – жиналған өнімді сақтау және тиімді бағамен өткізу. Ол үшін астықты дер кезінде кептіріп,  қамбаға құйып алу керек. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары  өнімді үздіксіз қабылдап,  тұрақты режимде жұмыс істеуге тиіс. Сақтаудың технологиялық талаптарын  үнемі бақылауда ұстаңыздар», – дейді ол.

Бектенов Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге өнімнің үздіксіз тасымалын ұйымдастырып, жылжымалы құрамды беру кестесінің  қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек деп тапсырма берді. Фитосанитариялық қызмет  астықты сақтау мен өткізудің барлық сатысында  оның сапасын тұрақты бақылауда ұстасын деді. Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері  жиналған өнімді тиімді өткізу,  оның ішінде дәстүрлі нарықтармен қатар,  жаңа шетелдік нарықтарға да  экспорт көлемін ұлғайту үшін  тиісті шаралар қабылдауы керектігін айтты.

Тиісті тапсырмаларды берген Бектенов қорытындылай келе,  егін орағын уақтылы  әрі сапалы аяқтағаны үшін  диқандарға тағы да шынайы алғысын білдірді.

Back to top button