Каспий жағалауынан жүзден аса итбалықтың өлігі табылды
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауынан Экология департаментінің мамандары 112 өлі итбалық тапты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, 3 қараша күні зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің қызметкерлері Ақтау тұрғындарынан теңіз жағасына шығып қалған итбалықтардың өлекселері туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына тексеру жүргізген.
«Балық инспекциясы басқармасымен бірлесіп жүргізілген мониторинг барысында Асан елді мекенінен Баутино мүйісіне дейінгі жағалау сызығында каспий итбалықтарының өлекселері табылды. Оның ішінде 39-ы — Асаннан Форт-Шевченко қаласының жағажайына дейінгі аумақта, ал 73-і — жағажай мен Баутино мүйісі арасындағы аймақта анықталды», — деп хабарлады департамент өкілдері.
Сондай-ақ олар теңіз суынан зертханалық талдау үшін сынама алып, оқиға туралы ақпаратты 112 қызметіне жолдаған.