«Оппозиционер емеспін, біреуге далаға шық демедік»: ИК рэпері өзін сынағандарға жауап берді

Ирина Қайратқызы тобының мүшесі Алдияр Жапарханов (Алдик) өздерін сынаған актер Әнуар Нұрпейісовке жауап берді. Бұған дейін актер әйгілі топты бұрынғыдай әлеуметтік “мәселелерді көтермейді, сынып кетті” деп видео түсірген, деп жазады Tizgin.kz порталы Дөп сөз подкастына сілтеме жасап.
АЛДИК НЕ ДЕЙДІ
Алдияр Жапарханов жауабында ол кезде (әлеуметтік мәселелерді 5К секілді әндерімен көтеріп жүрген кезі) “бізде жоғалтатын еш нәрсе болмаған” деп еске алады.
“Отбасымыз да, бизнес те, ақша немесе үй де жоқ еді. Дым болмады. Иә, біз жап-жас революционер едік. Бірақ саясат жағынан емес. Біз ешкімге “бір нәрсе істеңдер” деп үгіттеген емеспіз. Айналып келгенде адамдарды бір жерден бір нәрсе күтсе – ол өзінің проблемасы. Адамдар түрлі жайттарды ойлап тапты. Біз тек асүйде айтылатын әңгімені ашық көрсеттік. Бейнебаяндардың бәрін Қуаныш түсірді. Біз музыка жаздық. Командамыз мықты болғаны соншалық, біз ешқашан бір-бірімізден күдіктенген жоқпыз”, – дейді рэпер.
Алдияр Жапарханов сондай-ақ, саяси интрига болмағанын, ешкім өздерімен бұл тақырыпта сөйлеспегенін айтады.
“Біз көрсеткіміз келген нәрсені көрсеттік. “Әңгімелер” әлбетте болды. Бізбен келіп сөйлескен адамдар болды”, – дейді ол.
ИК тобының мүшесі қазір Қазақстандағы қалалардың әкімдіктері “Қала күнін” атап өткен кезде өздерін ешкім шақырмайтынын айтты. Павлодардағы бір концертте Алдик “Ертіс” футбол клубының жабылатынына наразылығын білдірген. Сондай сәттер қайталанып кете ме деп қалалардың әкімдіктері сақтануы мүмкін.
“Оппозиционермін деп айтпаймын, ешкімге “далаға шығыңдар” демеймін. Біз қалаған нәрсемізді көрсетеміз. Жоғалтарымыз бар. Әрине, өз жолымызбен кетуге болар еді. Культты Виктор Цой сияқты. Бірақ ол бізге не керек? Әнуарға қарсы айтар ештеңем жоқ. Әнеке, Алматыда жүрді ғой. Проблема жоқ. Айта берсін, ок”, – дейді ИК тобының мүшесі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
НҰРПЕЙІСОВ НЕ ҮШІН СЫНАДЫ
Әнуар Нұрпейісов бұған дейін әншілер тобын сынға алып, бұрын әлеуметтік мәселелерді өткір айтатын рэперлер “Чина” деп шырқап кеткенін ұнатпайтынын жеткізген. “Олар сынып кетті?” дейді ол. Осыдан кейін желіде актер ИК тобынан екі рет қоңырау түскенін айтқан.
ИК тобы осыдан 4-5 жыл бұрын расында да, өткір тақырыптарға шығармашылығымен барудан қорықпаған. Олардың әйгілі 5К әні Алаш тақырыбынан бастап, елордадағы ЛРТ жобасының жемқорлығын қосып, Назарбаев билігін пандемиядағы отшашу үшін өткір сынаған еді. Аталған клип бүгін де 99 млн қаралым жинаған.