Елдегі банктердің қайсысы өз топ-менеджерлеріне ең жоғары жалақы төлейтіні белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
RBK-НЫҢ ЖОМАРТТЫҒЫ
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв өз Telegram-арнасында банк басқармалары мүшелерінің жалақы индексі бойынша рейтинг жариялады. Ол жиырма банк ұйымының басшылығына төленген ақшалай төлемдер жөніндегі есептерін зерттеген. Онда тек жалақы ғана емес, сонымен қатар сыйақылар, бонустар және басқа да ынталандыру түрлері қарастырылған. Рейтингті жасау кезінде сарапшы тек жалпы соманы ғана емес, әр банктегі басқарма мүшелерінің санын да ескеріп, әр топ-менеджерге шаққандағы орташа төлемді есептеген. Зерттеу 2024 жылғы деректерге негізделген.
Зерттеу қорытындысында, Қазақстандағы ең бай банкирлер – Bank RBK басқарушылары болып шықты. 2024 жылы банк басшылығы жалпы 3 млрд 298,6 млн теңге табыс тапқан. Bank RBK басқармасында бес адам бар: Наталья Акентьева, Ербол Абдуғалиев, Алия Есмуқанова, Сымбат Ибраймов және Арман Токаров. Орта есеппен алғанда, әрқайсысының айлық табысы шамамен 54,9 млн теңгені құраған (нақты жалақы мөлшері әртүрлі болуы мүмкін).
Келесі орында – Forte Bank. Бұл банк топ-менеджерлеріне жалпы сомада тіпті RBK-дан да көп төлеген – 3 млрд 974,1 млн теңге. Алайда басқармада жеті адам болғандықтан, орташа айлық мөлшері төменірек шыққан. Әрбір басқарушы директордың айына шамамен 47,3 млн теңге табыс тапқаны көрсетілген.
САНКЦИЯҒА ІЛІККЕН ВТБ-ДА ТІЗІМДЕ БАР
Қазақстандағы ең ірі қаржы институттарының бірі саналатын Halyk Bank-те үздік үштікке енді. Бұл банк тек акционерлеріне, атап айтқанда Құлыбаевтар әулетіне тұрақты дивиденд әкеліп қана қоймай, топ-менеджерлеріне де жомарттық танытқан.
2024 жылы Halyk басқарма мүшелерінің жалпы табысы 4 млрд 56 млн теңге болған. Банк басқармасында тоғыз адам бар (бұдан көп тек «Отбасы банкінде»). Осылайша, банк төрайымы Үміт Шаяхметованың командасындағы әр басқарушы айына орта есеппен 37,5 млн теңге жалақы алған.
Келесі орындарда — Altyn Bank (айына 22 млн теңге), KMF (13,9 млн), Еуразиялық банк (12,8 млн), BCC (11,9 млн) және жуырда санкцияға іліккен Қазақстандық ВТБ (10,2 млн теңге) тұр.
CitiBank, Home Credit, ADCB, Kaspi Bank, Bereke Bank және Freedom Bank басшыларына айына 5–10 млн теңге көлемінде төлем жасалған.
Ал қалған қаржы ұйымдары өз жетекшілеріне анағұрлым қарапайым жалақы төлейді. Дегенмен, елдегі орташа еңбекақымен салыстырғанда, бұл сандар тәп-тәуір. 2024 жылы бар болғаны екі банк өз басқарушыларына жылына үш миллион теңгеден аз төлеген: бұл — «Отбасы банк» (2,6 млн теңге) және Kaspi.kz (1,9 млн теңге).
Осылайша, Қазақстанда банкир болу мұнайшы болудан да тиімді болып тұр. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері өткен жылы орта есеппен айына 5,1 млн теңге жалақы алған. Бұл — Bank RBK топ-менеджерлерінің табысынан шамамен 11 есе аз.