Ерекше

Елдегі ірі қалаларда екінші нарықтағы пәтерлер арзандады

Қазан айында Қазақстанда екінші нарықтағы тұрғын үй бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ЕҢ ҚЫМБАТЫ – АЛМАТЫДА

Алдымен бұл туралы Krisha.kz ақпарат ұсынды. Сарапшылар мәліметінше, ел бойынша тұрғын үйдің орташа бағасы қыркүйек айындағы деңгейде қалып, бір шаршы метрі 404,2 мың теңгені құрады.

«Жыл басынан бері екінші нарықтағы тұрғын үй 5,4 пайызға қымбаттады. Баға өсімі бойынша көшбасшылар – Қостанай (+11,3 %), Ақтау (+8,5 %) және Шымкент (+7,3 %). Алайда қазан айында бірнеше ірі қалада керісінше, бағаның төмендеуі байқалды. Мәселен, Ақтауда – 2,4 %, Астанада – 1,2 %, Шымкентте – 1 % төмендеген», – делінген талдауда.

Алматыда тұрғын үйдің орташа бағасы қыркүйектегідей сақталды – 767 920 теңге/м². Бұл республика көлеміндегі ең қымбат екінші нарық. Одан кейін Астана (540 446 теңге) және Шымкент (463 956 теңге) тұр. Ең қолжетімді пәтерлер Қызылорда (257 486 теңге) мен Таразда (310 478 теңге) бар.

Басқа қалаларда баға өзгерісі айтарлықтай болмады. Мәселен, Қостанайда жылдық өсім 13,1 пайызды құраса, қазанда небары 1,3 пайызға өскен. Орал, Ақтөбе, Петропавл және Павлодар қалаларында өсім 0,5-1 пайыз шамасында тіркелді. Ал Қарағанды, Семей, Алматы мен Көкшетауда баға өзгеріссіз қалды немесе аз-маз төмендеді.

ЖАҢА ЖЫЛҒА ДЕЙІН ТАҒЫ ҚЫМБАТТАЙ МА

Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары жыл соңына дейін тұрғын үй бағасының жаңа өсім кезеңі басталуы мүмкін деп болжаған. Сарапшылардың пікірінше, оған әсер ететін негізгі факторлар – теңгенің әлсіреуі, қосылған құн салығының (ҚҚС) артуы және үлестік құрылыс ережелерінің қатаңдауы.

Ал алғашқы нарықта баға өсімі жаз мезгілінен бері тұрақты байқалып келеді. Әсіресе Алматы, Астана және Шымкент қалаларында. Сарапшылардың айтуынша, жыл соңына дейін жаңа тұрғын үйлерге деген сұраныс артып, бұл өз кезегінде екінші нарықтағы бағаға да ықпал етуі мүмкін.

Back to top button