“Самұрық-Қазына” қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Tizgin.kz порталына Қазақстан мен АҚШ арасындағы вольфрам келіссөзінің мән-жайын ашып айта алмайтынын мәлімдеді.
ЖАҚЫПОВТЫҢ ЖАУАБЫ
Нұрлан Жақыпов расында да, “Самұрық-Қазына қорының меншігінде Солтүстік Қатпар және Жетіқара-Қайрақты вольфрамның кен орыны барын айтады.
“Қазір келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл коммерциялық әрі құпия мәселе. Сондықтан бұл мәселе бойынша көп ақпаратты өкінішке қарай бере алмаймын”, – деді Нұрлан Жақыпов.
АҚШ ҚАЗАҚСТАНДА НЕГЕ ВОЛЬФРАМ ӨНДІРГІСІ КЕЛЕДІ
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі америкалық Cove Capital компаниясына Қазақстандағы әлемдегі ең ірі барланбаған вольфрам кендерінің біріне қол жеткізу мүмкіндігін беру туралы келіссөздер жүргізіп жатқаны бұған дейін хабарланған еді. Bloomberg ақпаратынша, бұл металл Пентагон тарапынан оқ‑дәрі, снарядтар мен басқа да әскери техникалар өндірісінде пайдаланылады. Сондықтан оның қорына қол жеткізу АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие.
Осы жағдайдан хабардар адамдардың айтуынша, АҚШ-тың сауда министрі Говард Латник Орталық Азиядағы бұл металдың екі ірі кен орнын игеру жөніндегі өтінімге қатысты Cove Kaz Capital Group LLC мен «Самұрық-Қазына» арасындағы келіссөздерге қолдау көрсеткен. Бұл бастама АҚШ-тың Қытайға тәуелділіктен арылып, сирек жер элементтері мен стратегиялық маңызды пайдалы қазбаларды өзге елдерден жеткізу саясаты аясында жүзеге асырылып отыр.
Bloomberg дерегінше, Қазақстандағы бұл жобаны АҚШ-тың Халықаралық даму қаржыландыру корпорациясы мен Экспорт-импорт банкі сияқты мемлекеттік қаржылық құрылымдар қолдауы мүмкін. Бұл агенттіктер, әдетте, АҚШ-тан тыс жерде жүзеге асырылатын жеке сектор жобаларын қаржыландыру үшін құрылған.
Келісімнің нақты шарттары әлі бекітілмеген. Дегенмен, Bloomberg-ке пікір білдірген дереккөздердің айтуынша, АҚШ тарапы бұл мәмілені жүзеге асыру үшін несие беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда Трамп әкімшілігі жобадан үлес сатып алуға ұмтылып отырған жоқ.