Ерекше

Хайп қуғандар жазаға тартылады – ІІМ ескерту жасады

Қазақстан Ішкі істер министрлігі блогерлерді әлеуметтік желілерді көрілім жинау үшін арандатушылық әрекеттер алаңына айналдырмауға шақырды, деп хабарлайды  Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

ҚОҒАМДАҒЫ ҚИСЫНСЫЗ ҚЫЛЫҚТАР

Соңғы уақытта елдегі интернет кеңістікте «хайп» немесе «лайк» үшін жасалған түрлі видео таралуда. Кейбірі қоғамдық орындарда өткен-кеткен адамды келемеждеп, артынан қалжың екенін айтады. Мысалы, жуырда елордадағы сауда орталықтарының бірінде жартылай жалаңаш күйде жүгіріп жүрген адамның видеосы тараған. Кейінірек ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

«Қоғамдық орындарда жасалатын кез келген заңсыз, арандатушылық немесе адамгершілікке жат әрекеттер жауапкершіліке тартуға әкеледі. Мейлі ол қандай да бір конкурс, „гив“, лайк не жазылушы жинау мақсатындағы әрекет болса да, шара қолдануға себепші», – деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Қысқасы, министрлік мұндай жайттарды байқаса, тиісті шаралар қолданудан тартынбайды. Сонымен қатар ІІМ қазақстандықтарды, әсіресе жастарды, күмәнді интернет-трендтерге ермеуге және жауапкершілікті ұмытпауға шақырды.

Back to top button