Қазақстанда құлдықта болған қырғыз қыздары еліне қайтарылды
Қырғызстанның апалы-сіңлілі қыздарды Қазақстанда еркінен тыс ұсталып, ауыр жұмысқа салған. Олардың бірі әлі кәмелет жасына да толған жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ТАНЫСЫ ШЫМКЕНТКЕ АЛЫП КЕТКЕН
Бұл туралы 24.kg басылымы Қырғыз Республикасының омбудсменіне сілтеме жасап жазды.
Қазан айының басында Ош облысының тұрғыны құқық қорғаушы Жәмилә Жаманбаеваға көмек сұрап жүгінген. Әйелдің айтуынша, танысы өткен жылдың наурызында оның 16 және 18 жастағы екі қызын Шымкентке жұмысқа орналастырып, қамқорлық танытамын деп уәде беріп алып кеткен. Алайда көп ұзамай қыздар анасымен байланысқа шығып, өздерін ұрып-соғып, түн ортасына дейін жұмысқа салатындарын хабарлаған.
«Қыздар базарда апалы-сіңлілі екі адамға жұмыс істеген. Кейін қоймада ауыр қаптарды тасуға мәжбүр болды. Кетуге ниет білдірген сәтте оларды ұрып-соққан. Жұмыс берушілер „үш жылға келісім жасадық“ деп, босатудан бас тартқан», – дейді зардап шеккендердің анасы омбудсменге берген түсініктемесінде.
ҚҰЖАТТАРЫН ТАРТЫП АЛДЫ
Әйелдің айтуынша, қыздарының құжаттарын тартып алып, елге қайтуларына мүмкіндік бермеді. Анасы көмек сұраған соң, омбудсмен Қырғызстанның Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктеріне ресми сұрау жолдаған. Дипломаттар мен қырғыз диаспорасы өкілдерінің іске араласуымен көмегімен қыздар Шымкенттен табылып, еліне қайтарылған. Қазір олар анасының жанында.