Қостанайда бұрынғы прокурор Мұрат Оспановқа қатысты үкім жарияланды. Ол көп көлемде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
АҚША ТАЛАП ЕТКЕН
Мұрат Оспанов Рудный қаласындағы құрылыс бөлімі басшысынан 20 миллион теңге талап еткен. Осы сомаға ол қаржыны жымқыру ісін тоқтататынын уәде еткен. Бірақ шенеунік ақша төлеуден бас тартып, мұны Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарлаған. Сосын прокурор қылмыс үстінде ұсталды.
Сот шешімі бойынша Мұрат Оспанов төрт жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды және құқық қорғаудың аға кеңесшісі атағынан айырылды.
КІНӘСІН МОЙЫНДАДЫ
Айыпталушы кінәсін мойындады. Іс қысқартылған тәртіпте қаралды. Қорғаушы тарап соттан жазаны айыппұлмен шектеуді сұраған. Бұл жерде оның отбасын қаржылай қолдау мен қожалық басқаратын ағасында банктік есепшоттарының бары басшылыққа алынды. Бірақ сот бұл дәлелдерді қабылдамады.