ЕрекшеТергеу

430 млн теңгенің ісі. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының бұрынғы төрағасы қамалды

Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бұрынғы төрағасы Жандар Омаровты тергеп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

НЕ ҮШІН ТЕРГЕУГЕ АЛЫНДЫ

Агенттіктің мәліметінше, ол алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемдену, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз көтеру жолымен ұрлық жасады деген күдікке ілінген.

“Бұл мақсатта ол өзімен байланысты «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-нің басшысын тартқан. Аталған тұлға бағдарламаға қатысушы болып көріну үшін достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеген. Шын мәнінде бұл тұлғалар ешқандай қызмет атқармаған және жобаға қатыспаған. Жалған құжаттар негізінде Қорға 1,4 млрд теңге көлемінде лизинг алу туралы өтінімдер ұсынылып, олар кейін Қор тарапынан мақұлданған”, – дейді агенттік.

Байқау рәсімдерін өткізбестен, жеткізуші ретінде бір ғана қатысушы — «Green Mart Kazakhstan» ЖШС таңдалған. Қаражат түскен соң, оның бір бөлігі кәсіпорындардың есепшоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырған. Сонымен қатар жабдықтар қымбат бағамен жеткізілген, ал жұмыстар орындалмаған.

ЖАЛПЫ ШЫҒЫН

ҚМА осының салдарынан мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 430 млн теңгеден асқанын хабарлайды.

Жандар Омаров екі ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бұған қоса, осы іс бойынша қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Ысқақов пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 4 автокөлігі тәркіленген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button