Жуық арада екінші АЭС жобасын іске асыруды бастаймыз – Тоқаев
Тамыз айында Алматы облысындағы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жобасы бойынша алғашқы дайындық жұмыстары басталға болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
“АЛДЫМЕН СТАНЦИЯ САЛЫНАДЫ”
Қазақстанда екінші атом электр станциясын салу жобасын жүзеге асыру таяу уақытта қолға алынбақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысы жұртшылығымен кездесуде мәлімдеді.
Президент аймаққа сапары барысында өңір тұрғындарымен кездесіп, ел дамуына серпін беретін бірқатар маңызды бастамалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты. Солардың ішінде цифрлық мемлекет құру бағытына ерекше тоқталды.
«Біз заман талабына сай, озық мемлекетке айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдерден едәуір қалып қою қаупі бар. Сонымен қатар елімізде атом электр станцияларын салу міндеті тұр. Бірінші станцияның құрылысы басталды. Енді таяу уақытта екінші АЭС жобасын іске асыруға кірісеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ТОҚАЕВТЫ МАЗАЛАЙТЫН ТАҚЫРЫП
Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси жағдай тұрақсыз екенін еске салып, жастарға қолдау көрсетудің, оларға дұрыс өмірлік бағдар мен сапалы білім, жақсы тәрбие берудің маңызын атап өтті.
«Қазір нашақорлық тақырыбы қоғамды мазалап отырған күрделі мәселелердің бірі. Жастардың болашағы – білімде. Ел ертеңі интеллекті жоғары, заманауи біліммен қаруланған, ашық ойлы ұрпақ қолында. Сондықтан барлығымыз ел игілігі үшін бірлесіп еңбек етуіміз қажет», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамыту бағытындағы бастамаларға да тоқталды. Оның айтуынша, Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін екі президенттік кітапхана салынып жатыр. Болашақта үшінші осындай кітапхана Қызылордада ашылуы мүмкін.
Айта кетсек, бірінші АЭС құрылысының бас мердігері — ресейлік “Росатом” компаниясы. Ал екінші станцияны Алматы облысының Жамбыл ауданында салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.