ГеосаясатЕрекше

Дональд Трамп пен Си Цзиньпинь кездесті

Екі елдің басшылары жабық есік артында келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

The Associated Press мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездескен. Бұл басқосу — әлемдегі ең ірі екі экономиканың көшбасшыларына бірнеше айға созылған экономикалық тұрақсыздықтан кейін екіжақты қатынастарды қалыпқа келтіруге берілген бірегей мүмкіндік.

Ақ үйге екінші мерзімге қайта келген соң Дональд Трамптың қытайлық тауарларға жоғары баж салығын агрессивті түрде енгізуі және бұған Қытайдың сирек жер элементтерін экспорттауға шектеу қою арқылы жауап қайтаруы бұл кездесудің өзектілігін арттыра түсті.

«Мен бұл көрсеткішті төмендетемін деп үміттенемін, себебі олар бізге фентанил мәселесінде көмектеседі деп сенемін», — деді Трамп, биыл енгізілген баж салығын азайту мүмкіндігін меңзеп.

Кездесу Пусанда, яғни Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) саммиті өтіп жатқан Кёнджудан шамамен 76 шақырым оңтүстікте орналасқан портты қалада өтуде.

Трамптың айтуынша, басқосу үш сағатқа дейін созылуы ықтимал, алайда ресми кестеде екі сағатқа жетпейтін уақыт көрсетілген.

Өз кезегінде Си Цзиньпин АҚШ пен Қытай арасындағы серіктестіктің маңызын ерекше атап өтті.

«Арадағы кейбір келіспеушіліктерге қарамастан, біз серіктес әрі дос болуға тиіспіз. Әлемнің екі алпауыт экономикасы арасында уақыт өте кей айырмашылықтардың тууы — табиғи құбылыс. Екі ел де бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ табыс пен өркендеуге бірге жете алады», — деді ол.

Қол алысып амандасқаннан кейін Трамп маңызды мәселелер бойынша едәуір ілгерілеу бар екенін мәлімдеді.

Трамп делегациясының құрамына жоғары лауазымды шенеуніктер кірді: сауда өкілі Джеймисон Грир, сауда министрі Говард Лютник, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және АҚШ-тың Қытайдағы елшісі Дэвид Пердью.

Back to top button